00:00
Астана -10oC
USD:
475.18
EUR:
510.72
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық деңгейдегілер ұлықталуы керек – Кәрімбек Құрманәлиев

01.04.2023 | 00:18
Елорда ақпарат
79

Мемлекет басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді. Жиында Президент халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту маңызды міндет екенін айтты. Осыған қатысты Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев халқымыздың соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналғанын сынға алып, жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс екендігін ескертті. Айтса айтқандай, әр аймақта елімізге кең танылмаған, жергілікті деңгейде кеңестік кезде ортаңқол басшылық қызметте болғандарға білім нысындарына есімін беру, ауылдар мен көшелерді солардың атымен атау бойынша қол жинайтын белсенді топтардың белең алып отырғаны ащы шындық. Оның үстіне ағайын-туыстардан жиналған қаржыға жалпы жұртшылық бейхабар адамдардан қолдан «батыр» жасап, оларға арналған ескерткіштердің бой көтеруі де көптің қолдауына ие болып отыр десек, артық айтқан болар едік. Бұл үрдіс, сайып келгенде, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдіктің белең алуына алып келуі әбден мүмкін. Президенттің: «…ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр» деген сөзінен ғылыми жұртшылық өкілдеріне де жауапкершілік жүктегенін сезіндік. Өйткені, қолдан «қайраткер» жасаушыларға ғылыми негіздемесі тың деректермен дәйектелген, бұлтартпас архив материалдарын алға тарта отырып тойтарыс бере алатын тек ғалымдар екені бесенеден белгілі, - деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі өз сөзінде, ең алдымен, тарихи тұлғалар тізіміне кіретіндердің критериилері айқындалуы қажеттігін атап өтті.

Сондықтан еліміздің көрнекті ғалымдары құрамына енетін, ұлттық деңгейдегі тұлғалар тізімін түзетін ғылыми-эксперттік комиссия жасақтау керек деп санаймыз. Жергілікті және Республикалық ономастика комиссиялары эксперттер ұсынған қорытындылар негізінде түпкілікті шешім қабылдауы керек. Ол үшін, ең алдымен, тарихи тұлғалар тізіміне кіретіндердің критериилері айқындалып, қойылатын талаптар тыңғылықты талқылануы тиіс. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ильяс Жансүгіров ақын жырлағандай, ұлттық деңгейдегі тұғырлы тұлғаларды ескеріп, ескерткіштер орнатып жатсақ, халықтық қолдауға ие болары анық. Бұл - ұлт болып ұйысудың, жұрт болып жұмылудың жарқын көрінісі болатынын жеткізгіміз келеді, - деді профессор.                                                                      

Барлық жаңалықтар