00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Биыл елімізде 1 400 есірткі қылмысы тіркелген

25.02.2023 | 07:30
Елорда ақпарат
22

Респубика көлемінде ұйымдастырылған онлайн-семинарды Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ашып, есірткі тасымалы мен жастар арасындағы нашақорлықтың белең алып бара жатқанына тоқталды.

Жиынға Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен басқа да ведомстволардың өкілдері қатысты.

1987 жылғы Біріккен Ұлттар ұйымы Бас ассамлеясының шешімімен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп белгіленіп, осы күні жер бетіндегі саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған барлық адамзат баласы жаһандық қауіпті індет – нашақорлықты жою үшін күш біріктіруге ұмтылады.

Аталған ұйымның мәліметтері бойынша тек өткен он жылда бұл аса қатерлі кеселмен ауыратындар саны жиырма екі пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 миллион нашақор есепте тұрады. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болады.

Қазір еліміз бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шаралары бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Кейінгі кезде балалар мен жасөспірімдер арасындағы есірткі күресіне байланысты жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтілді.

Елімізде жыл сайын жүйелі түрде «қарасора» операциясы жүргізіліп келеді. Осындай тиісті органдардың қатаң бақылауының арқасында жыл басынан бері 1 400 есірткі тасымалының жолы кесіліп, 1 300 Қазақстан азаматы мен 67 шетелдік пен 150 әйел адам мен 22 кәмелетке жасы толмаған жеткіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардан алынған 1,2 тонна көкнәр, 312 келі гашиш, 110 келі синтетикалық есірткі жойылды.

Сондай-ақ басқосуда нашақорлықтың алдын алу, есірткі тасымалына тосқауыл қою мәселелері жөнінде қоғамдық ұйым мүшелері мен басқа да адамдар өз ойларын ортаға салды.

Семинардың жұмысына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов қатысты.

Таңатар Төлеуғалиев

Барлық жаңалықтар