00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Мұрат Әуезов әкесіне бюст жасағаным үшін алғыс білдірді - Тамила Маматова

16.08.2023 | 10:00
77
фото: әлеуметтік желіден

Кез келген қаланың көркін әдемі мүсіндер мен архитектуралық композицияларсыз елестеу қиын. Бірақ оларды жасайтын мүсіншілер туралы көбі біле бермейді. Дегенмен қырғызстандық мүсінші Тамила Маматованы әлеуметтік желі арқылы біраз оқырман танитыны анық. Алатаудың арғы бетінде өнерімен көптің көңілін жаулаған мүсіншімен Elorda.info тілшісі байланысқа шығып, оның саф өнер туындылары туралы сұхбаттасты. 

-Тамила Абдинабиқызы, осыдан үш жыл бұрын Шыңғыс Айтматов мүсінінің суретін Facebook парақшаңызға салдыңыз. Сол туындыңыз көпшілікке қатты ұнады. Сізді танымал етті десе де болады. Жалпы, бұл өнерге қалай келдіңіз?

-Мен Қырғызстанның Жалалабад облысы Алабұқа ауданына қарайтын Келте ауылында туып-өстім. Тұрғынбай Садықов атындағы Ұлттық көркемсурет академиясынан жоғары білім алдым. 2012 жылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Илья Репин атындағы көркемсурет академиясына түстім. Оны 2018 жылы бітірдім. Сіз айтқан ШыңғысАйтматовтың мүсіні менің дипломдық жұмысым болған.  Оны бір жыл бойы жасап шықтым. Оның биіктігі – 3 метр. Мүсін суретін әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін, көбі қабілетіме қызығушылық таныта бастады.

әуезов.jpg

-Кезекті бір сұхбатыңызда Шыңғыс Айтматовтың сол сіз жасаған мүсіні Қырғызстанда орнатылады деген едіңіз,  сол жоспарыңыз орындалды ма?

- Бұл мүсін мені өз елімде ғана емес, қазақстандықтарға да танымал етті. Оған дейін мен тек өз ортамда танымал едім. 2 рет көрме ұйымдастырдым. Италияға Қырғыстан атынан бардым. Кинорежиссер Болат Шәмшиевпен және Ш.Айтматовтың туыстарымен таныстым. Бірақ, әзірге бұл мүсін  ешқайда қойылған жоқ, шеберханамда тұр.

-  Сіздің біраз туындыңыз қазақ оқырманына етене жақын. Абайдың, Әуезовтің мүсінін жасадыңыз. Алматыдағы торсықтың мүсіні де сіздің шығармашылықтан туған дүние. Оларды жасауда қандай ойға еркіндік бердіңіз?

-Мен Шыңғыс Айтматов туралы оқыған кезде Мұхтар Әуезов туралы білдім. Оның өмірбаянымен таныса келе, қызығушылығым пайда болды. «Абай жолы» кітабын оқымасам да, оны аудиожазба арқылы тыңдадым. Осылайша Мұхтар Әуезовке арналған бюст жасадым. Артынша  Мұрат Әуезовпен кездестім. Ол әкесіне бюст жасағаным үшін алғысын білдірді. Ал Абай Құнанбаевқа келетін болсақ, ұсыныс қазақстандықтар тарапынан болды. Белгілі тұлғаның өмірбаянымен танысып, бір айда мүсінін жасап шықтым. Қазір ол Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде тұр.

абай.jpg

-Мүсінші болу үшін қандай шеберлік қажет? Әйел адамға сазбалшықпен жұмыс істеп, тас қашау қиын емес пе?

- Мен адам бейнесін жасайтын кезде, оның географиясы мен өмірбаянын, шығармашылығын көп зерттеймін. Сол дәуірді, айналысқан кәсібін, фото-видео мұрағаттарды ақтарып, жақындарымен танысып, қысқасы, «кейіпкерімді» өзімнің әке-шешемдей жақсы танып алуым керек. Содан кейін ғана эскизін жасай бастаймын. Мүсін жасау адамның ой-ұшқырына байланысты. Онда кейіпкердің мінез-құлқы көріну керек. Жалпы балшық немесе таспен жұмыс істеу қиын. Бірақ, менің өзімде қызығушылық болғандықтан шабыттанып жасаймын. Физикалық ауыр жұмыс шаршатады, бірақ үйреніп кеттім. Әдетте балшық, тас және қоламен жұмыс істеймін.

-Орта есеппен бір мүсінді жасауға қанша уақыт кетеді?

-Нақты айта алмаймын. Ол кейіпкерге және мүсін биіктігіне байланысты. Егер үлкен мүсін болса оған көп уақыт кетеді. Ал кішігірім бюст болса оны тез жасауға болады. Бірақ, тәжірибемде 3 жыл бойы жасаған еңбегім бар. Кейде керек заттар жетпей жатады. Оларды сатып алған кезде  мүсін жасайтын уақытым болмайды. Кейде қымбат шикізат керек болады, оған демеушілер іздеймін.

та.jpg

- Қанша елде сіздің мүсіндеріңіз бар? Оларды тапсырыс бойынша жасайсыз ба?

-Менің жұмыстарым 15-ке жуық елде бар. Алматы қаласында жеке тапсырыс бойынша бірнеше мүсін жасап шықтым. Жақында бір мүсінім Германиядағы Қырғызстан елшілігінің алдына қойылады. Одан бөлек Еуропада, Түркияда, Ресей және Өзбекстан елдерінде де туындыларым бар. 

- Қазақстандағы өзге белгілі қайраткерлерге ескерткіш жасау ойыңыз бар ма?

-Маған барлық халықтың танымал тұлғалары өте қызық. Егер мүмкіндік болса Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұраттың мүсінің жасайтын едім. Біздің менталитетте ескерткіш адам қайтыс болғаннан кейін ғана жасайды деген түсінік бар. Бірақ адам дүниеден өтпесе де оған мүсін жасауға болады

-Өзіңіздің туындыларыңыздың арқасында қандай жетістіктерге ие болдыңыз?

-Менде атақ, диплом және түрлі сертификаттар көп. Бірақ, маған атақ емес, адамдардың эмоциялары және мүсін туралы пікірлері маңыздырақ.тамила.jpg

 -Қырғызстанда балаға анасының тегін беруге рұқсат етілді. Осы реформаға қатысты ойыңызды айтып өтсеңіз.

-Мен бұл реформаға қарсымын. Біздің ұлтымызда балаға әкесінің тегі жазылу керек. Әкені отбасының тірегі деп есептейміз. Бірақ, қазір қоғамда отбасын тастап, бала-шағасына көмектеспейтін әкелер көбейіп кетті. Сондықтан да кейбірі бала 18 жастан асқан соң анасының тегін алуды дұрыс деп санайды. 

-Әдемі сұхбат үшін рақмет!  

Барлық жаңалықтар