00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Орыс мектептерін ашудың артында дипломатиялық келісім тұр

10.11.2023 | 14:00
45
Фото: ашық дереккөз

Бірден айтайық орыс мектептері көбейіп, оңтүстік аймақ орыстанып кететін болды деп байбалам салу қисынсыз. Бұл бастаманың саяси астарына үңілсек, екі елдің арасындағы уағдаластықтың ұлттық мүдделерін байқауға болады. 

Бұл бастамадан Қазақстан мен Ресейдің арасында мәдени-гуманитарлық өзара әріптестікті күшейту бағытында, осы елдерімізде тұратын тұрғылықты халық ұтпаса, ешкімде ұтылмайды.  Осы жерде  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Известия» газетіне берген сұқбатында айтқандай, Ресейдегі 600 мыңға жуық қандастарымыз тығыз орналасқа Омбы, Астрахань, Саратов, Орынбор облыстарында қазақ мектептерін ашу жоспары тұрғанына мән беруіміз керек. 

Бұл енді шындығында, тарихи келісім. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің барлық санкциялық шектеулерге қарамастан, ресми іс-сапармен елімізге келуін, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «тарихи кезең» деп жоғары бағалады. Өйткені, бұған дейін Ресейдегі саны аз ұлттар тұратын аймақтарда ана тілдерінде оқытатын мектептер түгелдей жабылғаны да есте.  

Ешкімді елде тек мемлекеттік тілде оқы деп қинай алмаймыз. Өзге славян ағайындарымыз бен диаспора өкілдері бар. Олардың барлығы тиісті мәдени-рухани кодын сақтауға құқылы. Тура Ресейдегі өз қандастарымыз секілді. 

Екіншіден, осы жерде Түркістан облысындағы мектеп жетіспеушілігінің бар екендігін де ескерген жөн. Мысалы, қазір ол аймақта 42 842 балаға мектеп орны жетіспейді. Егер Үкіметтің берген мәліметтеріне сенсек, 2026 жылы дәл осы аймақта бүгінгі ахуалмен (бала туу, миграция, урбанизация, мектептердің тозуы және т.б.) 135 349 оқушы орнына тапшылық болады. Бұл да ел болып ескеретін дабыл. 

Президенттің тапсырмасымен әрі халықтың тілегімен, биылғы жылды қосқанда елімізде үш жылда 369 заманауи мектеп салынбақ. Әрине, ресейліктердің жаңа үш орыс мектебі бұның қасында теңізге тамған тамшыдай  болғанымен, бұл да көмек. 

Жалпы елдегі 7723 мектепке қоса ұсынылған Ресейдің төрт мектебі, былтырғы Германияның уәделескен үш мектебі, қарастырылып жатқан қазақ-француз мектептері мен жоғары оқу орындары ашылып жатса, қуану керек. Артық тіл мен білім біздің жас өскелеңді жан-жақты күшейтпесе төмендетпейді. Бастысы, еліміздің білім беру стандарттарымен мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын, әдебиетті басқа да негізгі пәндерді сапалы деңгейде оқыта алса болғаны. Бұл жерде ескере кететін жайт, орыс мектептерінде өзіміздің педагогтарымыз бен мамандарымыз жұмыс істейді. Бұл да қосымша жұмыс орны. Яғни әлеуметтік шешім деп санаймын.

Мақсат ЖАҚАУ

Барлық жаңалықтар