00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

2023: Елде саяси көріктің қызған жылы болды

27.12.2023 | 04:30
65
Фото: ашық дереккөз

Сахнадан кеткелі тұрған күнтізбелік 2023 жыл әлем үшін саяси дүрбелеңдерге толы болды. Қайшыласқан мәлімдемелер мен мүдделер тоғысының жаныққанын айтпағанның өзінде бір күнде ХАМАС пен ЦАХАЛ соғысы бұрқ ете қалды, Әзірбайжан-Армения қақтығысы, НАТО төңірегіндегі дау, Тайваньға байланысты АҚШ-Қытай дүрдараздығы т.б. түрлі саяси штрихтар оған мысал. Ал осындай геосаяси жағдай біршама күрделі болған жыл Қазақстанның саяси сахнасында қалай өрнектелді? Тақырыпты Elorda.info сарапшысы Дәрмен Смайыл саралап шықты. 

Қазақстан 2023-те бұған дейін жоспарлағандай біраз саяси реформаларды жүзеге асырды. Біраз жылдан бері үкіметтің де мектеп партасына отырған оқушылармен бірге 1 қыркүйекте президент жолдауынан бағыт-бағдар алып шығуы дәстүрге айналғаны белгілі. Сондықтан, биылғы жолдаудағы тапсырмалардың қортындысынан гөрі 2023 жылға 2022 жылғы жолдаудағы саяси реформалар басты өзек болғаны анық. Мәселен, жыл бастала сала Қазақстан қоғамында түрлі деңгейдегі сайлаулардың көрігі қызды. Бірінші қаңтар бола салысымен «ҚР Сайлау туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 14 қаңтарда сенат депуттарының сайлауы өтті. Бұл Заң супер президенттік билікті жұмсартты. Одан кейін 19 наурызда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтіп, парламент депутаттарының сайлауына үміткерлердің 30 пайызы партиялық тізімнен бөлек бұдан 19 жыл бұрын тоқтатылған можаритарлық, яғни өзін-өзі ұсыну тетігін пайдалану арқылы сайланды. Облыстық мәслихат 50 пайыз, ал жергілікті мәслихат сайлауы толық можаритарлық таңдауға көшті. 

Осы уақытта халық пен белсенділер арасында саяси бәсекелестіктің қатты артқанына куә болдық. Сонымен қатар, сайлау блютеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген ұяшық қосылды. Ал түсінген адамға, саяси билікке бұл нағыз зерттеуге тұрарлық дүние. Өйткені, дауыс беруге келмеген азамат пен қарсы берілген дауыс «Неліктен?» деген түйткілді мәселені қарауға итермелейді.

Саяси партиялардың депутаттық корпусқа өту межесі де 5 пайызға төмендетіліп, бұған дейінгі «үш партиялы» парламентке биыл бес партия өкілдерінің өтуі де осы жылдың еншісінде. Сондай-ақ, сайлауға қатысуда әйелдер мен жастар және мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайыздық квотаның да берілгенін қосыңыз.

Сайлау жүйесіндегі тағы бір жаңалық, биыл 45 аудан мен облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау науқаны да қанатқақты жоба ретінде жүзеге асты. Алдағы жылдары бұл жоба нақты саяси реформаның өзегіне айналмақ. Демек, жергілікті басқару жүйесінен облыстық, мемлекеттік басқару жүйелерінің құралатынын шенеуніктер де түсіне бастады деген сөз.

Жыл басынан бері саяси масштабта атауы да, табиғаты да өзгерген елімізде жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастады. Қоғамдық-саяси құндылығы жоғары болуы керек бұл сот – Ата Заң ережелерінің бұзылмауын, әділдіктің салтанат құруын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналыспақ. «Қанды қаңтар» оқиғасы секілді түрлі әділетсіздіктер күйіп тұрған уақытта жаңа мәртебелі құрылым қызметі қажет-ақ. Бұл – адами құндылықтарды жоғары қоятын құқықтық мемлекет құрудағы оң саяси қадам деуге болады.

Сарапшылардың пікірінше, былтырғы жолдауда айтылған саяси реформалардың жүзеге асуы, оның ішінде кезектен тыс сайлау науқандарының бірінен кейін бірінің өтуі – Қазақстанадағы билік транзитінің толық аяқталғанын білдіреді. Осыған байланысты, «балапанды күзде санайтыны» секілді 2023-тің қыркүйегі серпінмен басталып, президент өз жолдауында бұған дейінгі сөз жүзінде деп қатты сынға қалып жүрген ойдан арылатын күннің жеткенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс» деп жаңа экономикалық үлгіге өту керек екендігін меңзеді. Ерекшелігі сол, жаңа жолдау саяси бастамаларға емес, ұзақмерзімді әлеуметтік және экономикалық жобаларға толы болды. Бұл саяси реформалардың басты құрылымы аяқталып, енді сол тактиканың «жемісін» көрсету тегінің іске қосылғанын байқатады.

Билік құрылымында біршама жаңартулар орнықты. Ең бастысы – кейбір министрліктер қайта жасақталып, екі су жаңа министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі құрылды. Бұдан өзге әлеуметтік және экономикалық бағыттарда да жаңа бастамалар қабылданып, қозғалыс күшіне ене бастады.

Қазақтың ұғымында Қоян жылы наурыз айында шығады десек те, күнтізбелік 2023 жылдың осындай саяси темпераменті бір толастаған жоқ. Ал ең негізгі саяси науқандарын өткізіп алған Қазақстан үшін Ұлу жылы жайбарақат тыныш бола ма, оны уақыт көрсетеді.

Барлық жаңалықтар