00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Jasyl el анимациялық фильмі балаларды экологиялық әдеттерге үйретеді - Әлия Назарбаева

24.02.2023 | 19:33
Елорда ақпарат
29

Шара ұйымның XVII жұмыс маусымының жабылуы мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Жиында «Жасыл ел» ұйымының ағымдағы жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жылдың мақсаттары талқыланып, шешімін күткен түйткілді мәселелер қаралды.

Кеңес төрағасы Әлия Назарбаева биылғы жетістіктерді атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылдың 5 сәуірінде өткен Кеңестің І отырысынан кейін ұйымның алдында Шымкенттегі «Жасыл ел»  қызметін қаржыландыру және «Жасыл елдің» медиа бойынша жұмысын күшейту міндеті тұрған. Әлия Назарбаева екі тапсырманың да ойдағыдай орындалғанын баяндап, аймақтық штаб өкілдеріне атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ төраға ұйымның «Балапан» телеарнасымен бірлесіп «Жасыл ел» мультфильмін түсіру қызметін жоғары бағалады.

«Біріншіден, атқарылған жұмыстар үшін аймақтық штабтарға алғыс айтқым келеді. Кеңестің бірінші отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы «Жасыл ел» штабының жұмысына бюджеттік қаражат бөлу және ұйымның қызметін медиада насихаттау міндеттері алға қойылған болатын. Осылайша қазір «Балапан» телеарнасында табиғатты қорғауға арналған Jasyl el анимациялық фильмі көрсетілуде. Бұл арқылы біз балалармен қатар ата-аналарын да қамтимыз. Екіншіден, жоба балалардың санасында экологиялық әдеттердің қалыптасуына әсер етеді. Бала кейіпкерлердің оқиғаларын бірге бастан кешіреді, шешім табуды үйреніп, эмоционалдық интеллектері дамиды», – деді Әлия Назарбаева.

Төрайым сондай-ақ Jasyl el атты ағаштарды онлайн отырғызу жобасының басталғанын атап өтті және аталмыш жобаға әкімдіктер тарапынан ақпараттық- ұйымдастырушылық қолдау қажет екенін айтты. Сонымен қатар Әлия Назарбаева Кеңес мүшелерін, кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін және Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының серіктестерін жобаға қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамту, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеумен айналысатын қозғалыс. Қозғалыс 2005 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.

2021 жылы 16 жыл ішінде алғаш рет табиғатты қорғау ұйымдары қауымдастығы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева басқаратын «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының кеңесі құрылды. Кеңес құрамына сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, экологиялық және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері кірді.

 

Все новости