00:00
Астана -10oC
USD:
471.83
EUR:
505.66
RUB:
5.4
Поиск

Достық үйінде қазақтың салт-дәстүрін дәріптеген байқау өтті

24.02.2023 | 17:24
Елорда ақпарат
66

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылды.

«Бұл байқау – Қазақстан халқы Ассамблеясының елордадағы өзге этностарына арналған байқау. Түрлі этнос өкілдері қазақтың салт-дәстүрлерін, мәдениетін, әдет-ғұрпын көрсетеді. Қазақ тілін қаншалықты меңгергендігін паш етіп, театрландырылған көрініс қояды, сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына байланысты ақынның өлеңін жатқа оқиды. Байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Нұркен Әбдіғали.

Алдымен қатысушылар қазақтың тұсаукесер, тоқымқағар, белкөтерер секілді салт-дәстүрлерін театрландырылған көріністе қойды. Екінші кезеңде түрлі аспаптармен ән айтып, күй тартты, ал соңғы сайыста Жамбыл Жабаевтың шығармаларын жатқа айтты.

Байқаудың қорытындысында алғашқы кезең бойынша 1-орынды Өзбек этномәдени орталығы, 2-орынды «Дала өлкесі казактар» АҚБ, 3-орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы жеңіп алды.

Ал екінші өнер сайысында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы 1-орынды, «Жайхун» қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі 2-орынды, Өзбек этномәдени орталығы 3-орынды иеленді.

Жамбыл ақынның өлеңдерін жатқа айтуда 1-орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы жеңіп алса, 2-орынды «Жайхун» қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі, жүлделі 3-орынға «Ақбозат» башқұрт этномәдени бірлестігі ие болды.

«Елордадағы Достық үйінде 22 этно-мәдени бірлестік бар. Барлығымыз өте тату-тәтті тұрамыз. Мұндай байқауда салт-дәстүрді дәріптеп, жастарға жол керсетеміз. Біз бүгін жүлделі екінші орын алдық», - дейді 73 жастағы «Дала өлкесі казактар» АҚБ мүшесі Шарипа Жетпісбаева.

«Мен Жамбыл Жабаевтың «Өсиет» өлеңін мәнерлеп оқыдым. Маған байқау қатты ұнады. Қазылар алқасы өнерімді жоғары бағалап, 1-орынды берді. Бұдан да биік белестерді бағындырғым келеді», - дейді 8 жасар Мансур Матеев.

Все новости