00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Ислам Сатпаев: Нысана көздеу спорты табандылықты талап етеді

25.08.2023 | 05:30
87
Фото: дереккөз

Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізген Ислам Сатпаев Elorda info сайтына өз әсерімен бөлісті. 

Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Нысана көздеу спортына қалай келдіңіз? 

 Бұл спорт түріне бала кезімнен қызықтым. 7 сыныпта оқып жүргенімде, сыныптасым «Отан» атты тир ату орталығына бірге баруға ұсыныс жасады. Ол жерде мен ҚР еңбек сіңірген бапкері һәм алғашқы жаттықтырушым Дериглазова Валентинаның нұсқауымен №5 балалар спорт мектебіне барып, 5 жыл бойы сол мектепте дайындалдым. Кейін Жоғарғы спорт шеберлігі мектебіне ауысып, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Насонов Геннадийдің қол астына өтіп, әлі күнге дейін бірге жұмыс істеп келеміз. 1,5 жыл бұрын дайындығыма көмектесу үшін, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лапидус Станиславтың көмегіне жүгіндік. Бірақ, ол Қазақстанда тұрмайтын еді. Мен үшін арнайы Алматы қаласына келіп, шеберлігімді шыңдауға септігін тигізді. Қос бапкерімнің арқасында Олимпиада лицензиясына қол жеткіздім.

Нысана көздеу спорты сізге не берді? Хоббиіңіз жайлы айтсаңыз? 

Нысана көздеуді өзімнің хоббиім деп, білемін. Бірақ кәсіби тұрғыда айналысып келе жатырмын. Осы спортпен айналысқанның арқасында жинақылық, төзімділік, мақсатқа ұмтылушылық, табандылық қасиеттерін бойға сіңірдім. Жалпы, бұл спорт түрі адамнан осы қасеиттерді талап етеді. 

Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатына қандай баға бересіз? 

Әлем чемпионаты басталуына 2 ай қалғанда, Лапидус Станислав бөлшектелген жаттығу жоспарымды түзді. Біз үнемі байланыста болдық. Насонов Геннадий жоспарлы жаттығуымның үздіксіз орындалғанын бақылап жүрді. Нәтижесінде Бакуде ойлаған көрсеткішке қол жеткізіп, Олимпиада ойындарының квотасын иелендім. 

 Жалпы көрсеткішіңізге көңіліңіз тола ма? 

Бұл көрсеткішті Олимпиада ойындарына қатысудың алғашқы  мүмкіндік баспалдағы деп қана, бағалаймын.

 Олимпиада алдында өзіңізге қандай мақсат қойып отырсыз? 

Пьер де Кубертеннің «Ең бастысы жеңіс емес, қатысу» деген девизі ескірді. Көптеген спортшылар Олимпиадаға қатысқанда, жүлде алуға үміттенеді. Мен де солардың қатарынанмын. Бірақ Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін, спорттық қалыбың шыңында болу керек. Қазір бұл мен үшін басты міндетке айналды. Нысана көздеуден халықаралық жарыстардың финалында өнер көрсету арқылы тәжірибе жинақтай түсемін деп, сенемін.

Нысана көздеу спортындағы бәсекелестікке тоқталсаңыз? 

Кейінгі жылдары пневматикалық қару қол жетімді болғандықтан, көптеген елдерде танымалдылыққа ие болды. Сондықтан, менің жаттығуымда бәсекелестік жоғары. Әлем чемпионатында 130 адам қатысып, кемі 25-30 мерген финалға таласты. 1 ғана ұпай қорытынды кестеде 8-10 орын алшақтатады. Медаль тағдырын көп жағдайда 0,1 ұпай шешіп жатады. Оның үстіне ондықтың диаметрі 0,5 мм ғана құрайды. Өте жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін бапкерлердің біліктілігі мен өзіндік қабілеттігімен қатар, сапалы экипировка мен қарудың сай болуы да үлкен рөл атқарады.

Сұхбатыңызға рақмет! 

Сүхбат ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің көмегімен дайындалды.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Все новости