00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордада өткен велошеруге 400-ге жуық адам қатысты

01.06.2024 | 11:17
Қанат Байұзақов
120
Елордада өткен велошеруге 400-ге жуық адам қатысты
Фото: автор

Астанада есірткіге қарсы күрес және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бұқаралық велошеру өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Мектеп маусымының аяқталуы және жаз мезгілімен тұспа-тұс келген Халықаралық балаларды қорғау күнінің ерекше маңызы бар. Себебі, Астана қаласының 472 070 тұрғыны немесе 33%-ы 18 жасқа дейінгі балаларды құрайды.

Осы орайда енді ғана өмір жолына қадам басқан жасөспірімдерді зиянды әдеттен аулақ болу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында дәстүрлі велошеру өтті.

25 шақырымдық қашықтықты еңсеруге таңғы 7:00-ден елорда іргесіндегі қала мәртебесін алған Қосшы елді мекенінің айналма веложолына жиналды. 400-ге жуық әуесқой спортшылар бас қосқан шарада қатысушылар «Үркер» елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейін жалғасқан 25 шақырым қашықтықты еңсерді.

«Ата-анам салауатты өмір салтын ұстанғанымды қалап, спортқа қатысуға бағыт берді. Интернет беттеріндегі сан-қырлы спорт түрін қарап, бастапқыда таэквондоға жазылған едім. Уақыт өте келе ол спорт менікі емес екенін байқадым. Міне, енді 2 айдан бері велосипедті серік етіп келемін. Таза ауада жүру пайдалы әрі физикалық шыдамдылықты күшейтуге жақсы әсерін тигізеді. Бүгін 25 шақырымды бірінші рет бағындырдым. Қиын болды. Бірақ бастысы, ешқашандай жарақат алмай, мәреге жеткеніме қуаныштымын! - деп 10 жастағы Давид атты жас қатысушы өз ойын бөлісті.

Спорттық шеруге тіркелгендердің арасында ең егдесі 72 жаста болса, ең жасы 4 жаста болды.

«Өзім дене мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеймін. Сондықтан әр күнім үшін рақметімді айтамын. Қарапайым велосипедім болса да, осындай мерекелік көңіл-күйде 25 шақырымды жүріп өткеніме ризамын. Мен үшін бастысы – эмоция. Спортпен қай жаста да айналысу кеш емес. 50 жастан бастап велосипедке отырсам да, міне биыл 5 жылдың жүзі болыпты», - деді 55 жастағы Светлана Тащева.

Мерекенің соңында қатысушылар арасында күшті қалпына келтіру мақсатында фуршет ұйымдастырылып, лотереямен арнайы сыйлықтар табысталды.

Все новости