00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Елордада эстетикалық гимнастикадан ел үздіктері анықталады

14.05.2024 | 16:47
Қанат Байұзақов
189
Елордада эстетикалық гимнастикадан ел үздіктері анықталады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада топтық эстетикалық гимнастикадан ел чемпионаты басталды, деп хабарлады Elorda.info.

Эстетикалық гимнастика – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан спорт түрі. 2018 жылы ғана елімізде қолға алынып, 2020 жылы аккредитациядан өтті.

Көркем гимнастикаға ұқсас бұл спорттың өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, сайыс барысында ешқандай құрал қолданылмайды. Екіншіден, топтық сайыс болғандықтан, командада кемі 6 адам өнер көрсетеді. Үшіншіден, бұл спорт түрімен айналысу үшін қатты талап қойылмайды әрі көркем гимнастикаға қарағанда ұзақ мерзімде айналысуға болады.

Бүгінгі Қазақстан чемпионаты жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Биылғы жарысқа 8 облыстан спортшылар қатысып жатыр. Өткен жылы 5 облыстың спортшылары келген, яғни биыл қатысушылар қатары артты. Турнирде ұзақ бағдарлама бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 260 адам жүлдеге таласуда.

Қысқа бағдарлама бір жарым минутты қамтыса, ұзақ бағдарлама 3 жарым минутқа дейін жалғасады. Турнирдің нәтижесінде күзде Гонконгте өтетін Азия чемпионатына баратын үздіктер іріктеледі, - деді жарыстың бас төрешісі Заира Жақыпова.

Айта кетейік, эстетикалық гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2019 жылдан бастап жыл сайынғы әлем чемпионатына тұрақты түрде қатысып келеді. 2022 жылы Аустриядағы жаһандық додада командалық сайыс бойынша қола жүлдеге ие болса, 2023 жылы Азия құрлығынан Алматы қаласы бірінші мәрте 16 мемлекеттің қатысуымен әлемдік бәсекені өз жерінде қабылдауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде жасөспірімдер санатында Астана қаласының «Самұрық» командасы бірінші рет қола жүлдегер атанған еді.

«6 жылдың ішінде Қазақстан үлкен додаларда қалайша тез нәтижеге жетті?» деген сұраққа бас төреші:

Бұл жерде Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті тарапынан қолдау көрсету мен үздіксіз, тынымсыз жаттығу, мақсатқа жету жолындағы ұжымдық жұмыстың рөлі жоғары болғаны әсер етті, - деді.

Эстетикалық гимнастикаға қатысатындар тек қана көркем гимнастиканың элементтерін ғана емес, спорттық гимнастика, би жағынан да шеберліктерін шыңдай алады.

Айта кетейік, жарыс ертең өз мәресіне жетеді.

Все новости