00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

АLTYN SAMǴAÝ-2021 ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

24.02.2023 | 19:57
Елорда ақпарат
76

Пандемияға байланысты шектеулерге орай, саланатты шара еліміздің үш қаласында бір мезгілде өтті. Шараның негізгі бөлігі Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылса, Алматы мен Түркістанда жасақталған арнайы студиядан онлайн көрсетілім жүргізілді. Бұл үміткерлер мен қонақтардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айта кеткен жөн. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері кештің құрметті қонағы атанды. 

Көптеген аталым бойынша үздіктерді жанкүйерлер таңдады. 22 қараша мен 6 желтоқсан аралығында олар өздерінің сүйікті спортшыларын Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады. «Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалды. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден Токио-2020 Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ, шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегері атанды. 

Қысқы спорт түрлеріндегі командалар Олимпиадаға дайындық үстінде. Олар қазіргі сәтте 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына дайындалу үстінде. Сол себепті, салтанатты іс-шараға қатыса алған жоқ. 

Үздік жаттықтырушы атағына Мырзағали Айтжанов (бокстан Қазақстан командасының аға бапкері және Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері) жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды. 

«Жылдың үздік командасы» атағын футзалдан Қазақстан құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. «Жыл жаңалығы» аталымында Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Ол әлем чемпионатындағы командалық сында да қола жеңіп алғанын еске саламыз. 

«Үздік аймақ» аталымында өзгерістер бар. Биыл ұйымдастырушылар олимпиадалық спорт түрлері бойынша 36 ұлттық федерацияға тізгін беріп, үздік аймақты федерация өкілдері анықтады. Өте тартысты өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы қаласы Алматы облысын бір ұпай басымдығымен ұтып, жеңіске жетті.

«Үздік ұлттық спорттық федерация» аталымында Қазақстан теннис федерациясы топ жарды. Жеңімпазды Қазақстан ҰОК жанынан құрылған арнайы комиссия анықтады. Федерацияның жұмысы көптеген талаптар бойынша тексерілді: инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі, аймақтардағы спорттың дамуы, жарыстарды өткізу деңгейі, белсенділігі, халықаралық аренадағы беделі және спорттық нәтижелері. Теннис федерациясы барлық талаптар бойынша үздік шықты. 

Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшы атағы пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяровқа берілді. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы атағына парадзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған. 

Жылдың спорттық оқиғасын қорытындылаған кеште қазақстандық атлеттерді барлық жаттығу жиындары мен жарыстарға бастап апаратын кешенді-ғылыми топ мүшелері де ескерусіз қалған жоқ. 

«Спорттық медицина бойынша үздік маман» атағы дәрігер Азамат Нұрматовқа берілді. Ол Токио-2020 Олимпиада ойындарында медициналық штабтың бас дәрігері ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ, Олимпиадаға дайындық кезінде спортшылардың қауіпсіздігін сақтау жөніндегі топтың құрамында болды. Ең алдымен, КҒТ мамандары мен ҰОК арнайы Жедел штабының бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан командасы толық құраммен Олимпиадаға барып келді. 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – «Қазақстан спортының мақтанышы» отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге табысталады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР-нңі еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты қазақ балуанының ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорттық кешенді басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды. 

Әдеттегідей, жүлдені табыстау рәсімі танымал спортшылар мен даңқты спорт ардагерлеріне, Қазақстанның танымал мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілді. Сахнаға Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Серік Сәпиев, Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина, Әлия Юсупова көтерілді. Олармен бірге жүлдені архитектор, Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, QazVac вакцинасын жасаушы, «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры Күнсұлу Закарья, актриса, Канн кинофестивалінің жүлдегері Самал Еслямовалар табыстады. 

Ресми марапаттау рәсімі аяқталған соң кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. «Ninety One» тобы, Мархаба Сәби, Марсель, Мәди Сыздықов және Сәкен Майғазиевпен бір сахнада атлеттеріміз де өнер көрсетті. Дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы Елдос Сметов Сәкен Майғазиевпен дуэт айтса, спорт ардагері, су добынан Олимпиада чемпионы Сергей Котенков және батуттағы гимнастикадан команда үздігі Пирмаммад Алиев әнші Марсельмен бірге «Мне с детства снилась высота» әнін орындады. 

Все новости