00:00
Астана -10oC
USD:
471.83
EUR:
505.66
RUB:
5.4
Поиск

Елордада Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған конференция өтті

14.05.2024 | 12:56
126
Елордада Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған конференция өтті
Фото: дереккөз

Астанада Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Іс-шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Оған Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, Сағадат Қожахметұлының көзін көргендер, батырдың есімімен аталатын елордалық әскери колледждің оқытушылары, студенттері, кадеттері және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.  

Конференцияға қатысушыларға арналған алғысөзінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның негізгі мақсаты – армия генералы С.Нұрмағамбетовтің әскери мұрасын зерделеу, батырдың тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құруға және оны дамытуға қосқан үлесін бағалау екенін атап өтті. 

Қазақ даласы ежелден даңқты батырларымен белгілі, олардың есімдері тарихта да, халық жадында да мәңгі сақталған. Туған халқы үшін өмірін беруге дайын ұлдардың бірі, нағыз Отан қорғаушы – Сағадат Қожахметұлы еді. Біз оның қалдырған мұрасын мұқият сақтап, ұрпаққа өнеге ретінде көбейтіп, жеткізуіміз керек, – деді ректор.  

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев бірінші қорғаныс министрін еске алу туралы ведомствоның жоспарындағы жұмыс жайлы айтып берді. Ол С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында батырдың 100 жылдығына арналған «Әскери ант» отандық сериалы түсіріліп, экранға шыққанын еске салды.

Сағадат Нұрмағамбетов туралы естеліктерімен генерал-лейтенант Абай Тасболатов бөлісті:  

Мен үшін әкемдей болды. Біз ол кісіні үлгі етіп өстік. Көп нәрсені үйретті. Кадрларды қалай таңдау керектігін жақсы білетін. Өмірдің барлық қиындықтарына қарамастан, ол сынған жоқ, қайта рухы күшейе түсті. Сынға шыңдала түсетін, нағыз күрескер адам еді. Бізге де қиындыққа мойымауды үйретті. Ендігі жерде біздің міндетіміз – келер ұрпақты елін, жерін қастерлеуге тәрбиелеу, – деді ардагер. 

Конференция барысында батырдың немересі Лира Нұрмағамбетованың естеліктері де айтылды. Оның айтуынша, Сағадат Қожахметұлы өте қарапайым, бірақ талапшыл және жауапты адам болған. Есте сақтау қабілетінің мықтылығы сондай ол өміріндегі көптеген оқиғаларды бүге-шігесіне айта алатын. Батыр Отанға және халыққа адал әрі жанқиярлық қызметімен үлгі болып, мәңгі ел жадында сақталары сөзсіз.

Все новости