00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Елордада «Менің рәміздерім» акциясы өтті

Елордада «Менің рәміздерім» атты акция өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бас қалада 4 маусым- Рәміздер күніне орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде Астананың символы – «Бәйтерек» монументінің қасында «Менің рәміздерім» атты көлемді мерекелік акция өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Аталған акцияны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ұлттық ұлан бірлесе ұйымдастырды.

Бүгін «Бәйтерек» алаңында партиоттық акция ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде қалалық өнер жұлдыздары патриоттық әндерді шырқап, тұрғындар рәміздер туралы викториналық ойындарға қатысуда. Әлбетте еліміздің нышандары туралы жақсы ақпарат білетін адамдарға сыйлықтар таратылады. Ал бүгінгі іс-шараның көркі – Ұлттық ұлан оркестрі. Ұлттық ұланның «Үлгілі көрсетілім оркестрі» және «Құрмет қарауылы» арнайы өнер көрсетеді.  Бұл іс-шара қала тұрғындарының, жастардың патриоттық рухын нығайта түспек.  Сондай-ақ кешеден бері жалаушалар таратылып жатыр. Бүгін де таратылуда. Себебі әр қазақтың төрінде көк туымыз желбіреп тұрса деген ниетіміз бар, - деді концерт ұйымдастырушысы Алтай Советханұлы.

«Менің рәміздерім» атты іс-шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ашып, қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

4 маусым бірнеше жыл қатарынан мемлетіміздің Рәміздер күні ретінде ел көлемінде тойланып жатыр. Бүгін мемлекет басшысы Рәміздер күнін арнайы ресми шарамен бастап берді. Ал қала көлемінде 500-дей ірілі-ұсақты іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірін елордамыздың символы – «Бәйтеректің» қасында ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз - еліміздің құнды нышандарын дәріптеу арқылы жастардың отансүйгіштік рухын көтеру, - деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Акцияда танымал әншілер ән шырқап, тұрғындар викториналық сауалдарға жауап берді. Ал Ұлттық ұланның көрсетілімдері көптің көңіл төрінен орын алды.

ҚР Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн еліміздің тәуелсіздігі, бірлігі мен егемендігінің нышаны ретінде әрбір азаматтың жүрегінде орын алады. Біздің рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұран - ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сенімділіктің көрінісі, - деген «Құрмет қарауылы» ротасының взвод командирі Дархан Тоқтасын қала тұрғындары мен қонақтарын осынау мерекемен құттықтады.

Айта кетейік, Рәміздер күніне арналған іс-шарада Ұлттық ұландықтар Туымызды көкке желбіретті.

Все новости