00:00
Астана -10oC
USD:
471.83
EUR:
505.66
RUB:
5.4
Поиск

Елордада «Жарқын болашақ» балалар фестивалі өтіп жатыр

01.06.2024 | 14:44
171
Елордада «Жарқын болашақ» балалар фестивалі өтіп жатыр
Фото: дереккөз

Астанада Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Жарқын болашақ» балалар фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Фестивальдің ашылу салтанатында 1 200 бала Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.

«Бүгінгі іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған. Мұнда 1 200 бала бір мезетте домбыра тартты. Бұл Гиннестің рекордтар кітабына енетін жағдай. Жалпы фестивальде 4 мыңнан астам бала өнерлерін көрсетеді. Домбырашылардан басқа суреттер мен қолөнер көрмесі және шахматтан жарыс өтіп жатыр», - деді Астана қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Салтанат Сыйлыбайқызы.

Оның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Ол балалардың жыл бойы оқып-үйренген өнерлерін көрсету оларға да үлкен мәртебе екендігін жеткізді.

«Маған балалар фестивалі ұнады. Мұнда достарыммен бірге жетіген шертіп, өнер көрсеттік. Енді біраздан соң ұлттық би билейтін боламыз», - дейді жас өнерпаз Диляра.

Ал фестивальдің ұйымдастырушысы, «ArtSport Kazakhstan» РҚБ төралқа төрағасы Қуат Ерғалиев бұл іс-шара 3 жыл бұрын басталған реформаның алғашқы көрінісі екенін атап өтті.  

«Бұл фестиваль қатысушылар арасында 100 шақты ұйым, оның ішінде 4 мыңдай бала қатысып отырған Қазақстандағы алғашқы осындай көлемді іс-шара. Оған дайындық өте күрделі болды. Себебі осынша адамды бір мезетте домбыра тартуға бейімдеу, одан бөлек нөмірлер дайындау да қарқынды жұмысты қажет етеді. Республикалық деңгейде жақсы жұмыс атқардық деп ойлаймын, - деді ол.

Айта кетейік, Artsport бағдарламасы бойынша қазіргі таңда 52 мың бүлдіршін білім алып, өнерлерін дамытып жатыр.

Нурия КУАНЫШКАЛИЕВА

Все новости