00:00
Астана -10oC
USD:
472.57
EUR:
508.34
RUB:
5.4
Поиск

Астаналықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша шығындайды?

15.06.2023 | 14:55
152
Коллаж: Elorda.info

Елордадағы 164 мектептен биыл 9 539 түлек түлеп ұшпақ. 280 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. 11-сыныпты тәмамдайтындар үшін толқулы күндер басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өткен соң, мектеп бітіру кеші күтіп тұр. «Оның несі қиын, қуанышты сәт емес пе?» дерсіз. Алайда оған дайындық, кететін шығынды ойласаңыз, оңай деп айтпас едіңіз. Мектеп бітіруші де, ата-ана да осы кеште ешкімнен кем түспеуі үшін барын салады. Астанада бір баланы мектеп бітіру кешіне дайындау үшін орта есеппен қанша ақша жұмсалады? Әсіресе, қыз балаңыз болса, қомақты қаражат дайындай беріңіз. Осы орайда Elorda.info тілшісі бұл тақырыпты зерделеп көрді. 

Мейрамхана. Ақшаның ең көп жұмсалатын көзі де осы шығар. Әлбетте, түлектер мектеп бітіру кешін естен кетпестей етіп өткізгенді қалайды. Ол үшін мейлінше танымал жерді таңдауға тырысады. Өйткені сәнді мейрамханада түскен суреттер мен видеоларды әлеуметтік желілерге ұялмай жариялауға болады. Бұл қарбаласты кейбіреулер тіпті ақпан айынан бастап кеткен. Сонымен, «Мектеп бітіру кешін қайда өткізуге болады?» деген тақырыппен Instagram-дағы қаптаған Астана мейрамханаларының бағасын зерделеп көрдік. Топ-9 мейрамханада бір адам үшін орташа баға 15 000 мыңнан 30 000 теңге болып шықты. Одан төменіне ешкімнің барғысы келмейтіні де белгілі. Арзан болғаны үшін емес, «престиж»-дің жоғалатынынан. 

Киім. Мейрамханадан бөлек киімге де біраз ақша жұмсалады. Бұл сатып алушының қалтасының қалыңдығы мен талғамына қарай белгілі болады. Ал биыл Лондон мен Нью-Йорктегі сән апталығы жаз – 2023-тің тренді деп шоқ қызыл, ашық қызыл, күлгін, жасыл, көк түстерді таныды. Мектеп бітіру кешінен бұл түстерді көп кездестіреміз бе, жоқ па, уақыт көрсетер. Ал киімдердің бағасы қанша болады екен? Оны мектеп бітіруші түлек базарға, әлде сауда орталықтарына бара ма, сол арқылы шамалауға болады. Білуімізше, балалар базардан тым арзан киім алмас. Ал бутиктерде мектеп бітіру кешіне киюге болады-ау деген киім 50 000 теңгеден бастап 60 000, 70 000, 80 000 теңге болып кете береді, отбасылық бюджетіңіз көтерсе, 150 000-200 000 теңгенің киімін алып кисеңіз де болады. 

Шаш үлгісі. Әлбетте, шаш үлгісі таңдалған образбен үйлесімді болуы керек. Ұзын шашты қыздардың ата-анасы қысқа шаштыларға қарағанда артығырақ шығындалатыны белгілі. Өйткені шашты сәндеу бағасы оның ұзындығына байланысты қойылады. Қаладағы сұлулық салондары бұл қызметіне 5 000 теңгеден 10 000 теңгенің аралығында ақы сұрап отыр. 

Макияж. Макияжсыз бірде-бір қыз кешке я тойға бармайды ғой. Елорданың он шақты сұлулық салонының прайс-парақшасымен танысып көрдік. Кешкі макияж 5 000 пен 13 000 теңге аралығында. Жасанды кірпік жалғатсаңыз, 1500 теңге тағы қосыңыз. 

Маникюр. Осындай маңызды кеште сәнді көйлек, әдемі шаш үлгісімен тұрған арудың маникюрі болмаса ерсі көрінетін шығар. Ал сұлулық салондары бұл қызметтеріне 6000 теңгеден 8 000 теңгеге дейін ақы алады. Егер тырнағыңызды алдырсаңыз, дизайн, френч, спа, парафинді терапия жасатсаңыз, бұған 1 000-нан 3 000 теңгеге дейін қосылады. Ал тырнағыңызды жасанды өсірсеңіз, 16 000 теңге.  

Винетка. Мектеп бітіру кеші естелік фотосыз бола ма? Сынып жетекшінің, сыныптастардың дәл осы кездегі бейнесі нағыз жадыңда сақталатын көрініс емес пе? Сондықтан түлектер винеткаға түсуге де ақша аямайды. Елорданың фото-салондары мектеп бітірушілерге арналған винетка үшін 8 000 теңгеден 20 000 теңге аралығында ақша сұрап отыр.  

Лимузин. Иә, иә, осы күні кей байшыкеш балалар шетелдегідей мектеп бітіру кешіне кез келген көлікпен, таксимен бармайды. Қарапайым отбасының баласы да көштен қалмауға тағы тырысады. Қаладағы көлік жалдайтын орындардың тамырын басып көріп едік, Лимузиндер қала ішін аралатуы үшін 15 000 пен 20 000 теңге аралығындағы бағада тұр. Бұл баға, сірә, көліктің жаңа-ескілігі мен маркасына байланысты болса керек. 

Қорытынды. Ал енді шамамен орташа бағаны есептеп шығарайық. Мейрамхананың орташа бағасы 30 000, киімнің орташа бағасы 60 мың, шаш үлгісі 10 000, макияж 10 000, маникюр 8 000, Лимузин 18 000 теңге десек, винетка 15 000 теңгеге шығады. 
Сонымен, астаналық бір баланы мектеп бітіру кешіне дайындау үшін орташа деңгейдегі, төмендеу бағасы 151 000 мың теңге шығып тұр.

Есептегеніміз – орташа баға ғана. Бірақ тұрмысы төмен отбасы үшін бұл да оң жамбасқа келе қоймас. Мұндай сомаға бір ай күн көрер еді. Алайда бала үшін ата-ана несін аясын?! Баға қауып тұрса да, әке-шеше қажет қаржыны тауып тұр.

Все новости