00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елорда көшелері көк мұздан қалай тазартылып жатыр

Астанадағы ауа райының бір суып, бір жылуына байланысты көше мен жүргінші жолдарына мұз қатты. Қаладағы көліктер мен жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін коммуналды қызметкерлер күні бойы қар тазалап, мұз ою бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Биыл қыс өткен жылмен салыстырғанда аязды әрі қарлы. Жауған қар күндіз сәл ерігендей болса, түнде температура төмендеген кезде жолға қабыршық мұз қатып, таңертең қала тұрғындарына емін-еркін қозғалуға қиындық туғызады. Көлік пен жаяу жүргінші қозғалысын қалыпқа келтіру үшін жұмысшылар күн-түн демей  жұмыс істеп жатыр.

Елорданы көгалдандырумен және абаттандырумен айналысатын «Астана-Зеленстрой» мекемесінің бригадирі Майгүл Бараттың сөзінше, қазіргі таңда мұз ою жұмысына басымдық беріліп отыр.

Бригада жұмыскерлері қатып қалған мұздарды ойып, көшелерге құм-тұз сеуіп жатыр. Қазір осы жерде 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Үзіліссіз жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін қала көшелері мұз құрсауынан арылып келеді, - дейді Майгүл Барат.

Қала көшелерін мұздан тазалап жүргендердің бірі – Ақгүл Көшерхан. Ол күндіз мұздарды ою оңай екенін айтады.

Мен «Астана-Зеленстрой» мекемесінде 2022 жылдың сәуір айынан бері жұмыс істеп келемін. Бұл жұмыс әзірге екі қолға бір күрек болып отыр. Әр жұмыстың өз қиындығы бар дейді ғой. Біз таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз. Ер адамдар мұздарды үгітіп, оятын болса, әйелдер оны күрекпен жинайды. Жұмысшылар аязды күндері бой жылытатын арнайы орындармен қамтамасыз етілген,- дейді Ақгүл Көшерхан.

Көктайғақтың қиындығын үйден аялдамаға, аялдамадан жұмысқа асыққан елордалықтар қатты сезінетіні анық. Бірі жүрісін аңдап басса, бірі аяғы тайып жатса да, мұз үстінде шапшаң қозғалады. Солардың бірі Серік Жанабай. Ол көктайғақ кезінде сенімді қозғалу аяқ киімге байланысты екенін айтады.

Коммуналдық қызметкерлер таң атысымен көшелердегі қарды тазалап, мұзды ойып жатқанын күнде көріп жүрміз. Дегенмен әп дегенде қаладағы көшелердің барлығын бірдей қамту мүмкін емес қой. Сондықтан оларға да түсіністікпен қараған жөн. Қала тұрғындары қыс басталса көктайғақтың болатынын біледі. Сол себепті алдымен тұрғындар өз қауіпсіздігін ойлауы қажет. Аяқ киім ыңғайлы болса, көктайғақта құламайды ғой. Мен өзім аяқ киім алған соң етікшіге апарып тайғанамайтын резеңке төсеме жапсыртып аламын. Олар қазір дүкендерде де сатылады. Барлығы өзіміздің амандығымыз үшін емес пе?!, - деді қала тұрғыны.

Қала аумағын қалың қардан тазалау жұмыстарына Есіл ауданы бойынша 300 техника мен 577 жол жұмыскері жұмылдырылған. Сарыарқа ауданының жұмысшылары болса бір күнде техникамен 293 рейс жасап, 4 156 текше метр жердің қарын тазалады. Бұл жұмыстарды атқаруға аудан бойынша 275 арнайы техника және 526  жұмысшы жұмылдырылды.  Алматы ауданында соңғы күндері барлығы 650 жұмысшы мен 400-ден астам  машинаның күшімен 127 мыңнан астам тонна қар шығарылды. Байқоныр ауданында көше жолдарын қар мен мұздан тазалауға 237 техника мен 361 жұмысшы жұмылдырылған. Жалпы қала бойынша екі мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника жұмыс істеуде. Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға шамамен 2,2 млн текше метр қар мен мұз немесе 177 мыңнан астам рейс шығарылды.

Осы орайда  Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ғимараттардың шатырларынан қардың және мұздардың құлау қаупі барын ескертетінін еске саламыз. Сол себепті сақ болып, мүмкіндігінше ғимаратқа жақын жүрмеу қажет.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Все новости