00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Жасанды интеллект саласына құқықтық база дайындалуы керек

11.01.2024 | 05:30
173
Фото: дереккөз

Іс-шараға Нұртөре Жүсіп, Талғат Жүнісов, Айгүл Қапбарова, Руслан Рүстемов, Әсем Рахметова бастаған Сенат делегациясымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мен  Назарбаев университеті Ақылды жүйелер және жасанды интеллект департаменті директорының орынбасары Е.Абсалямов қатысып, баяндама жасады.

d7ab198b-f72e-43b2-ba8a-6ddc7e9bf919.jpg

 «Заманауи технологиялардың қарыштап дамуы дүниенің жаңа сипатын ашуда. Еліміз жаһандық өзгерістерге дайын болуы тиіс. Осы бәсекеде мемлекеттік тіліміздің сапалы және тиімді түрде дамуын ұйымдастыру - ортақ міндет. Осы бағытта ізденіспен алға жылжып келе жатқан «Тіл-қазына» орталығына арнайы келуіміздің себебі де осы. Бүгінгі кездесудің мәні - жасанды интеллект сынды жаңа бағыттағы кешенді жұмыстарға  заңдық жағынан жәрдемдесу, құқықтық база әзірлеу.  Қазақ тілін цифрландыру мақсатында әр тараптан атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп, ұлттық стратегиялық бағытқа жұмылдыруымыз қажет. Елімізде қанат жайып келе жатқан креатив индустрияның өзегі де - тіл екенін баса айтқым келеді»,- деді жиынды ашқан Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Кездесу барысында ғылыми қауымдастық алдында тұрған маңызды міндеттің бірі -  ауқымды тіл моделін құру мәселесі талқыланды. Қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамыту қадамдары мен осы бағыттағы нақты ізденістер ортаға салынды. 

0a8a4cda-dcb9-4962-b909-32189cc9cf04.jpg

«Ұлттық LLM жасау жобасында біздің мекеме сапалы дата қорды қалыптастыру жұмыстарын үйлестірмек. Бұл біз үшін зор жауапкершілік.  Қазақ тілінің цифрлы мүмкіндіктерін ашу - оның қоғамдық өмірдің барлық саласындағы кең қолданысын қамтамасыз етпек. Жаңа технологиялар арқылы тіліміздің әлеуетін арттыру - біздің міндетіміз», -  деді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Мақпал Жұмабай.

Сонымен қатар, сенаторларға «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Аbai institute» сынды қазіргі уақытта қолжетімді платформалар таныстырылды. Оған қоса, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған экрандық диктор мен қазақша мәтіннің дұрыстығын тексеретін «Qazgramma» жобаларының қолданысқа берілетіндігі айтылды.

 «ХХІ ғасыр - ұлттың зияткерлік әлеуеті мен  ішкі қуаты қосылып, сынға түсер сәт. Жасанды интеллекттің өзегін, миын осы кезде  қазақ тілінде сөйлету арқылы оның келешектегі дамуына жағдай жасаймыз, кепіл боламыз», - деп кездесуді қорытындылады Сенатор. 

Все новости