00:00
Астана -10oC
USD:
471.83
EUR:
505.66
RUB:
5.4
Поиск

Олжас Бектенов: Біз қабылдаған шешімдер азаматтарымыздың өмірін жақсартуы тиіс

04.06.2024 | 14:40
Торғын Аман
91
Олжас Бектенов: Біз қабылдаған шешімдер азаматтарымыздың өмірін жақсартуы тиіс
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен Несвиж қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Одаққа қатысушы елдердің: Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Армения үкіметтерінің, сондай-ақ бақылаушы-мемлекет Өзбекстан және шақырылған мемлекет Әзербайжанның басшылығы қатысты.

Басқосуда көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация, АӨК, кедендік және техникалық реттеу, бәсекелестік, цифрландыру салаларын дамыту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы Одақ туралы шартқа қол қойылған күнге 10 жыл толуын мерекелеу кезеңінде өтіп жатыр. Олжас Бектенов Одақ жұмысының екінші онжылдығына қадам баса отырып, одан әрі дамудың нақты мақсаттарын құру және оларды іске асыру үшін тиісті тетіктерді жолға қою қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Үкіметінің басшысы отырысқа қатысушылардың назарын жұмыстың бірқатар басым бағыттарына аударды.

Жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану қажеттілігі атап өтілді. AI қолдану бойынша тәжірибе алмасу экономикалық прогресс пен инновацияларды енгізудің қозғаушы күші бола алады. Бүгінгі таңда әлемде жаһандық трансформация медицинада, білім беруде, креативті индустрияларда жүзеге асырылуда. Қазақстан мемлекеттік және қаржылық қызметтерді цифрландыруда оң серпінге ие. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 88%-ды құрады.

Олжас Бектенов жұмыстың маңызды бағыты ретінде тасымалдардың тиімділігін арттыруды атап өтті. Теміржол құрамдарын өңдеу уақытын қысқарту, «Қытай – Орталық Азия», «Қытай – Еуропа» бағыттары бойынша тасымалданатын жүктерге транзиттік декларацияны автоматты түрде тіркеу және беру арқылы теміржол транзитін автоматтандыру жөніндегі қазақстандық пилоттық жобаның оң нәтижелері атап өтілді. Қазақстан жинақталған тәжірибемен бөлісуге және еуразиялық көлік дәліздерінде сенімді логистикалық хаб ретінде әрекет етуге дайын. Жаңа мүмкіндіктерді енгізу көліктік және экономикалық байланысты жақсартады, бизнес шығындарын азайтады және елдер халқының ұтқырлығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ бұл мәселеде өткізу пункттерін жаңғыртудың маңыздылығы атап өтілді.

«Логистиканың маңызды тетіктерінің бірі – нақты инфрақұрылымды дамыту. ЕАЭО бойынша әріптес елдердің ішкі шекараларын кесіп өту кезінде туындайтын проблемаларды жедел шешу қажет. Қазақстан өз тарапынан «Орск – Қандыағаш», «Мақат – Сағыз», «Шалқар – Бейнеу» бағыттары бойынша темір жолдарын қайта жаңарту арқылы теміржол құрамдары шоғырланып қалатын жолдарды кеңейтуге кірісті. «Мақат – Шұбарқұдық» учаскесінде 4 разъезде құрылыс басталды, «Маңғыстау – Бейнеу» учаскесінде қолданыстағы жолдар және «Маңғышлақ – Өзен» учаскесінде үш разъезде жолдар ұзартылуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тағы бір өзекті тақырып — ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алу мәселесі. ҚР Премьер-Министрі ұлттық режимді қолдану тәсілдерін түзету және төмен баға ұсынылса, мемлекеттік сатып алулар кезінде ұлттық режим қолданылмайтын баға шегін белгілеу жөнінде ұсыныстарын айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде қолда бар мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін пәрменді шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Комиссия елдермен бірлесіп «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясының ережелерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Оны толтыру барысында біз Декларация шеңберінен шықпауымыз керек. ЕАЭО – бұл 185 млн-нан астам халқы бар кедендік шекарасы жоқ нарық. Біз қабылдаған шешімдер, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етуі керек. Бұдан әрі бірлескен жұмыс бізге экономикалық интеграцияны нығайтуға және елдеріміздің тұрақты әрі орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Все новости