00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Әннің авторын айтпау қаншалықты дұрыс?

31.01.2024 | 10:42
128
Коллаж/Елтай Нурғазин

Бүгінгі таңда телеарналар мен радиодан бөлек, әлеуметтік желілерде  тыңдасаң құлақ құрышын қандырар әндер баршылық. Бірақ өзінің бұлбұл дауысымен, талайды тамсандыратын әншілер кейде әннің авторын назардан тыс қалдырып жатады. Осыдан келіп жалпы халық арасында ән авторларын танымағандықтан туындыны орындаушыға теліп жататын жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда әншіні хабарлап, бірақ авторын елемеу қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа Elorda.info тілшісі жауап іздеп көрді. 

Тақырыпқа қатысты пікір білдірген Қазақстан авторлары қоғамының президенті Байғали Есенәлі соңғы уақыттарда бұл мәселе белең алып кеткенін айтты.

Қазіргі уақытта бұл телеарналар мен радиода белең алып кеткен мәселе. Осыған қатысты бізге авторлар тарапынан шағымдар түсіп жатады. Мұндай жағдайда автордың шағымын алып, телеарна басшыларына «авторын хабарлаңыздар» деп өтініш жазамыз. Мысалы, көптеген радиоларда әнді хабарлап, орындайтын әншіні әннің авторы ете салады. Бұл жүргізушілердің кәсіби біліктілігінің төмендігін көрсетеді. Мен ылғи «Міндетті түрде хабарлаңыздар, бұл автордың еңбегі» деп айтып жүремін. Авторларға көп ақша да түспейді.  Әнді орындаушы бір кездері сол әнді ұнатып, орындауға алған соң оның авторын бағалау керек. Мысалы Роза Рымбаеваны айтайық. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның продюссері келіп, алдын ала концерт болмай жатып авторларға тиесілі үлесті төлеуге келген. Сонда Роза Рымбаеваның бұл ісі нағыз адамгершілік деуге болады.  Негізінде бұл продюссердің тікелей жұмысы мен жауапкершілігі. Сол себепті авторларды айтпау көп жағдайда продюссердің олқылығынан болып жатады. Сонымен қатар концерт өтетін сарай немесе залдың иелері де кештің кәсіби деңгейде өтетініне күш салу керек,- дейді Байғали Есенәлі.

Осы тақырыпқа қатысты ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор Марат Омаров та пікір білдіріп, өз ренішін жеткізді. 

Мысалы мен «Анашым» деген әнімді  осыдан 36 жыл бұрын шығарғанмын. Сол кезде анамды ауылдан шақыртып, гүл беріп, батасын алып осы әнді алғаш рет өзім орындадым. Осылайша бұл ән аналардың гиміне айналды, қазір барлығы біледі. Әлемнің 9 тіліне аударылып айтылып жүр. Бірақ оны қазір Нұрлан Өнербаевтың әні деп айтатындарды естіп жүрмін. Ержан Белгозиевтың «Бауырым» әнін де өзіне иеленіп алған. Мәселен олар осы әндерді өздері шығарғандай орындап жүр. Ал әннің авторын айтпайды. Бастапқыда ескертіп едім, бірақ You Tube желісіне жүктеген менің «Әке арманы» деген әнімді қараңызшы, ол жерге  де «Нұрлан Өнербаев: Әке арманы» деп көрсетіп қойған,- дейді ол.

Осы орайда композитор Марат Омаров белгілі әнші Нұрлан Өнербаевтың жеке концерт кезінде «Ән кімдікі? Сөзін кім жазды? елдің онда шаруасы жоқ. Бұл Нұрланның әні дейді», деп «Анашым» әні туралы айтқан сөзіне пікір білдірді.

Бұл біріншіден авторды сыйламау. Біреудің еңбегін жоққа шығару дер едім. Екіншіден әруақты құрметтемегені. Себебі, осы әндердің сөзін жазған ақын Қайрат Жұмағали ағамыз өмірден озып кетті. Қандай көрнекті ақын еді. Оның автор екенін мойындамай, халықтың алдында сондай әңгіме айтып аруақты құрметтемеуі үлкен қателік,- дейді Марат Омаров.

Ол сондай-ақ замандасы Нұрлан Өнербаевтың бұл қылығы ертеңгі өсіп келе жатқан жас әншілерге көрсетіп отырған теріс үлгі екенін айтты. 

Артымызда қаншама талантты жас сазгерлер мен әншілер өсіп келе жатыр. Алдында үлгі тұтып жүрген ағаларының осындай әрекетін көрген олар, «Ее, осылай да болады екен ғой», - деп туынды иесінің аты-жөнін мүлде елемей жатса не айтамыз? Күндердің күнінде арыдағы Ақан-серімен берідегі Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанағалиев т.б секілді саңлақтардың ел арасында кеңінен тараған әндерін де өз әнім деп кетпесіне кім кепіл? Бұл тұлғалардың атын тарих бетінен өшіруге жасалған қадамдар болмай ма?-  дейді халықтың сүйіктісіне айналған әнші, композитор. 

 Қазақстан авторлары қоғамының президенті Байғали Есенәлі бұл жағдайға қатысты былай деп жауап берді.

Негізі мұндай нәрсеге Нұрланның өзі қарсы болуы керек. Мысалы, халық солай айтып жатса, «Кешіріңіздер бұл менің әнім емес, мен тек орындаушымын. Сондықтан осы әнді жазған адамға құрмет көрсетіп қойыңыздар», -деп аты-жөндерін атап жіберсе автор да марқайып, мерейі өсіп қалар еді ғой,- деді ол.

Ал композитор Ержан Белгозиев қазір әннің авторын айтпай өзін сазгер ретінде көрсеткісі келетіндердің қатары көбейіп келе жатқанына қынжылысын жеткізді. 

Орындаушы әннің авторын айтпаған соң, титрға қосып жазбағандықтан халық әннің авторы туралы білмей жатады. Мысалы, менің «Бауырым» әнін  Нұрлан Өнербаев орындады. Көп жерде солай жазылып та жүр. Бұдан халық бұл әннің авторы да Нұрлан Өнербаев деп ойлайды. Тіпті кейде өнерде жүрген інілерімнің қ, «Аға бұл сіздің әніңіз бе?» деп таң қалып жатады. Осыдан-ақ қарапайым халық тіпті білмейді деп айтуға болады. Авторлардың аты жөні жазылу қажет. Әншілер концертте, той жиындарда айтып жүріп табыс табады. Ал әннің авторына бұл ешқандай пайда әкелмейді. Сондықтан да міндеттеу керек, егер автор айтудан бас тартса, алмаса онда эфирге  шығармау керек. Қазір эфирге шығып жүрген әндердің көбі ұрланған әндер. Негізі орындаушы әнді жақсы айтып шығып, сол арқылы халыққа танымал болады. Олардың көбісі автор туралы айтпай, өздерін сазгер ретін де көрсеткісі келеді. Қысқасы, біздің қоғам өнерді ұрлайтын қоғамға айналып кетті,- дейді композитор.

Все новости