00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт қажет – Президент

04.07.2024 | 13:04
Сабина Кәкімжан
109
Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт қажет – Президент
Фото: akorda.kz

Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне назар аударды, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді, - деді Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы ретте ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді.

Инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Жобалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету механизмін құруды ұсынамыз. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан қазірдің өзінде аталған алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компаниялары,-  деді Президент.

Мемлекет басшысы тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.

Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар саммит барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланғанын, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалғанын атап өтті

Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, - деді Қазақстан Президенті.

Все новости