00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Әлихан Смайылов: Барлық кемшіліктер екі апта мерзімде шешілуі қажет

19.09.2023 | 05:30
110
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды, деп хабарлады Elorda.info.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бекітілген кестеге сәйкес электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын баяндады. Бүгінгі таңда 5 энергоблок, 23 қазандық және 20 турбинада жұмыстар жүргізілсе, бұл ретте 4 энергоблок, 17 қазандық және 13 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың шақырымды құрайтын электр желілерін, 567 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 22,7 мың шақырым электр желілері, 514 қосалқы станса, 3 466 тарату пункті мен трансформаторлар бойынша жұмыстар аяқталды.

Риддер ЖЭО-да мердігерлік ұйымдар 6 қазандықтың барлығында жөндеу жұмыстары жүргізуде. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 7,2 млрд теңге бөлінді. №2 және №3 қазандықтар қыркүйек айының соңында пайдалануға беріледі.

Екібастұз ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Сондай-ақ «ОАЭК» акционерлік қоғамының есебінен қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар жөнделеді.

Премьер-Министр жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа райына байланысты мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Бүгінгі таңда жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар, бірақ бұл ретте олардың кейбірі уақытында аяқталмай қалуы мүмкін.

Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небары 4%-ы ғана орындалған, - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп отыр. Сонымен қатар жылыту маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатыны ескерілсе, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеуі керек.

Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуі тиіс, - деді Премьер-Министр.

Ол МАЭК-те №3 энергоблокта жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылып, бүгінде №2 энергоблокты апаттық жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Абай, Атырау облыстарында және Астанада бірқатар әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанына назар аударды. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін өңірлерде көмір қорының жоспарланған көлемінің 28%-ы ғана жинақталған. 

Жоғарыда аталған барлық кемшіліктерді екі апта мерзімде шешу қажет, - деп түйіндеді ол.

Все новости