00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Қазақстан жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды

31.03.2023 | 16:45
Елорда ақпарат
98

Владивосток қаласында жолбарысты сақтап қалуға арналған екінші халықаралық форум өтті. Онда Қазақстан жыртқышты қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.

Қазақстан делегациясының құрамына: Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әйгерім Қуат, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі Мақсат Сүйіндіков және ҚР-дағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өкілдігінің директоры (WWF) Григорий Мазманянц кірді. Делегацияның қатысушылары жолбарысты сақтау бағдарламасы, оны жүзеге асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бергі атқарылған жұмыстар мен жыртқыштың келуіне дайындық жоспарлары туралы айтып берді.

Резерват аумағы – шөлейт, жайылма және сексеуіл ормандарынан сулы-батпақты алқаптарға дейінгі алуан түрлі табиғи экожүйелерді қамтитын табиғи кешен. Мұндай қолайлы географиялық орналасуы және тағамға бай жерлер жабайы аңдар мен көптеген құстардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Резерваттың биоалуантүрлілігі сүтқоректілердің 40-қа жуық түрін, құстардың 284 түрін және өсімдіктердің 420-дан астам түрін қамтиды, олардың көпшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мысалы, 2022 жылдың мамыр айында 15 мыңнан астам лоха, туранга және тал көшеттері отырғызылды, – деп атап өтті Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап Қызыл кітапқа енген Бұхара бұғысын реинтродукциялау жүзеге асырылуда және осы уақытқа дейін 150-ден аса бұғы ғасырдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен өздерінің тарихи отанына оралды. Сонымен қатар, жабайы қабандар мен қарақұйрықтардың саны едәуір өсті. Биыл құландарды реинтродукциялауды бастау жоспарланып отыр.

Реинтродукция (бұрын мекендеген жеріне қайтару) – процесі табиғи ортада жойылып бара жатқан жануарлардың популяциясын қалпына келтірудің немесе көбейтудің өте маңызды және сенімді әдісі. Бүгінгі таңда әртүрлі мониторингтік мәліметтерге сүйене отырып айтсақ, Іле-Балқаш резерватында мыңнан екі мыңға дейін тұяқты жануарлар мекендейді және біз олардың санының тұрақты өсуін көріп отырмыз,- деп ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев хабарлады.

Резерват аумағында жануарлар мен ормандарды қалпына келтіру жұмыстарымен қатар жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайынғы негізде экологиялық қауіпсіз көздер есебінен отбасының табысын қамтамасыз ету үшін жергілікті халықты қаржылық қолдау жөніндегі жобалар іске асырылуда, тамшылатып суару сияқты су үнемдеу технологиялары дамуда. Сондай-ақ, мектептерде экологиялық білім беру бойынша түрлі жобалар жүргізілуде.

Әрине, жергілікті тұрғындарды қолдау – жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасының маңызды кезеңдерінің бірі. Олардың көмегінсіз мұндай өршіл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ауылдарды экономикалық дамыту жөніндегі жұмыс жеке бағыт болып табылады. Мал өсіру және ауыл шаруашылығы отбасылардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан бағдарлама бағыттарының бірі жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін басқа да табыс көздерін дамытуға мүмкіндік беру болып табылады. Соңғы төрт жылда Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры 40-тан астам шағын грант берді, жергілікті қауымдастықтарды дамыту қоры құрылды, аз қамтылған отбасылар үшін бақша дақылдарын өсіруге қолдау көрсетілді. Экотуристермен жұмыс істеуге байланысты оқулар жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақүйлерді құруға, гид болу өнеріне, кәдесыйлар өндіруге және т.б. көңіл бөлінеді, – дейді Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF Ресей) өкілдігінің директоры Григорий Мазманянц.

Алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей арасында бағдарламаны іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші халықаралық форум барысында реинтродукция саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Қазақстан жолбарысты қалпына келтіру жөніндегі Владивосток декларациясына қосылды.

Меморандум жолбарысты Қазақстанға қайтарудың міндеті бойынша бірлескен өнімді жұмысқа бастама болады. Сондай-ақ, біз декларацияда көзделген шараларды іске асырудың барлық елдерде жолбарыстардың санын ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Қазақстан 12 жылдан кейін өтетін келесі форумға планетаның табиғаты үшін аса қажетті осы міндетке өз үлесін қосуға дайын болады деп үміттенеміз. Біз бұл форум барлық елдерді өзара қарым-қатынасты нығайтуға, ең басты міндет – айбынды жыртқыштың популяциясын сақтап қалуда жақындатуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасы көптеген жылдарға есептелінген. Оны Ресейдің WWF, сондай-ақ ҚР-дағы БҰҰДБ бағдарламасының қолдауымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырады.

Все новости