00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Елорда базарларында көкөніс бағасы қаншалықты қымбаттады

Elorda.info  редакциясы оқырмандарды жыл бойы елордадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасынан хабардар етіп келеді. Сайт тілшілері қала бойынша 4 базарға барып, ондағы бағаларға салыстырмалы шолу жасап жүр. Бұл жолғы шағын зерттеуден оқырмандарымыз бас қаладағы азық-түлік өнімдерін қайдан сатып алу тиімдірек екенін біле алады. Сондай-ақ, тілшілеріміз бір ай ішінде базар бағалары қаншалықты құбылғанын, ең көп тұтынатын өнімдер қаншалықты қымбаттағанын да зерделеп көрді.

Елорда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бір айдың өзінде қымбаттап үлгерген. Мысалы, қаңтар айында ұнның бір келісі шамамен 360 теңге болса, қазір баға 370 теңгеге дейін барады. Макарон өнімдеріне 10 теңге қосылған. Қарақұмық бағасы әзірге тұрақты болса, күріш 47 теңгеге қымбаттаған. Қант бағасы өзгермеген, бірақ көкөніс түрлері айтарлықтай өсті.

Картоптың бір келісі қаңтарда 140-200 теңге аралығында болса, қазір 165-250 теңгеден сатылып жатыр. Сәйкесінше, бір айда картоп бағасына 30 теңге қосылған. Сәбіз елордалық екі базарда сәл арзандаса, Шапағат пен Көк базарда 10-30 теңгеге қымбаттаған. Көкөністер ішінде пияздың жыры бөлек. Бір айда пияздың келісіне 103 теңге қосылып отыр. Қаңтарда елордалық базарларда пияз 120-300 теңге болса, қазір бір келісі 425 теңгеге дейін сатылып жатыр. Қырыққабат бір ай бұрын 90-180 теңге болса, қазір 120-250 теңге тұрады. Бір айда қырыққабат бағасына шамамен 48 теңге қосылған.

2022 жылдың ақпанында  сәбіз, картоп және қырыққабат бағасы керісінше арзанырақ болғанын байқаймыз. Тек пияз бір жылда 210 теңгеге қымбаттаған. Былтыр салыстырмалы кезеңде пияздың бір келісі 100-140 теңге болса, қазір елордалықтарға 260-425 теңге аралығында сатылып жатыр.

Кешегі өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз баяндамасында Астана қаласы бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отырғанын айтты.

Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%-ды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8%-ды, Ақтөбе облысында – 1,7%-ды, Ұлытау облысында - 1,5%-ды құрап отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды.Жыл басынан бері ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8%  және Астана қаласында - 2,5% байқалды. Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд.теңгені құрайды, бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, ағымдағы жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр,- деді Ербол Қарашөкеев.

Министр ұсынған мәлімет бойынша, тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт және сәбіз 3,1%-ға, картоп 3,0%-ға, макарон 2,6%-ға өскен. Ал статистика елорда базарларында бір жыл бұрын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы арзан болғанын көрсетеді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде ұнның бір келісі 300-360 теңге аралығында саудаланса, бүгінде 360-385 теңгеге дейін сатылып жатыр. Бір жылда ұн бағасына 37 теңге қосылған. Бөлке нан 24 теңгеге қымбаттаса, макарон өнімдері 95 теңгеге өскен. Қарақұмық сәл арзандаса, күріш 192 теңгеге қымбаттаған. Картоп пен сәбіз бағасына 20 теңге қосылса, қырыққабат 70 теңгеге өскен. Пияз 210 теңгеге қымбаттаса, күнбағыс майына бір жылда 260 теңге қосылған. Ал қант өткен жылы 319-390 теңге аралығында сатылса, қазір бір келісі  460-480  теңге тұрады. Тауық еті, жұмыртқа және ірімшікті сүйіп жейтіндер де бағанын көтерілгенін байқаған болар. Бір жылда сиыр еті 150 теңгеге, тауық еті 398 теңгеге қымбаттаған. Жұмыртқаның 10 данасы 187 теңгеге өскен. Сүт бағасына 10 теңге, айранға 76 теңге, ірімшікке 275 теңге қосылған. Бұл сандық деректер елорданың баға өсуі бойынша үштікте екеніне дәлел болатыны анық.

Кешегі Үкімет отырысына қала әкімі Жеңіс Қасымбек те қатысты. Әкім елордалықтар жыл сайын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 600 мың тоннасын тұтынатынын мәлімдеді. Өкініштісі, 19 позициядан тұратын әлеуметтік азық-түліктердің тек үшеуі ғана елордада өндіріледі. Қалған 16 түрі басқа өңірлерден жеткізіледі. Шаһар басшысының мәліметінше, қалада тамақ өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 72 мың тоннаны құрайтын 8 жоба іске асырылып жатыр. Одан бөлек қуаты 14 мың тоннаны құрайтын 2 жылыжай кешені салынды.

Президент тапсырмасы негізінде  2 көтерме-тарату орталығы, 2 көкөніс қоймасы және 2 қойма кешені, 2 заманауи базар құрылысы жүріп жатыр. Биыл елордада нан зауыты мен көкөніс қоймасы іске қосылады. Бұл іс-шаралар елорда базарларында бағаны тұрақтандырады деген үміт бар.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

Все новости