00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет – Президент

12.10.2023 | 07:00
48
Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті бұл форумның кейінгі бес жылда IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналғанын атап өтті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі шараның тақырыбы – өте өзекті.

Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Мемлекет басшысы форум қатысушыларына бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басымдықтарын атап өтті.

Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын. Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін екінші басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған.

Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін, – деді Президент.

1697090930_KZ1_5762.jpg_2.jpg

Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, TikTok-тың бас директоры Чжоу Шоуцзы, Digital Nomads қоғамдастығының негізін қалаушы Әсет Әбдуәлиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер, «Arbuz», «Aviata», «PINEMELON USA» және «Ticketon» онлайн-сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз сөйледі. Жиынға жазушы, продюсер, Barrat Media компаниясының директоры Джеймс Баррат модераторлық етті.  

Барлық жаңалықтар