00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Президент халықаралық көрмеге келген Үкімет басшыларын қабылдады

25.09.2023 | 11:00
37
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларына ілтипат білдіре отырып, қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан халықаралық «Иннопром. Қазақстан» өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін оларға ризашылық білдірді.

Сіздердің арнайы келгендеріңіз көрменің мәртебесін арттырғаны сөзсіз және тығыз сауда-экономикалық қатынастарымызды тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде аталған іс-шара тұрақты іскерлік алаңға айналып келеді. Бұл – қуанышты жайт. Көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдеріміздің индустриялық секторының жетістіктерімен жақынырақ танысады, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен кәсіпорындар мен ірі жобалар саны артып келеді. Бұл Одаққа мүше елдердің сыртқы сауда көлемінің үздіксіз ұлғайып, биылғы бірінші жартыжылдықта 13 пайызға жеткенінен байқалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасында сауда, инвестиция және өнеркәсіп салалары бойынша қарым-қатынас қарқыны жоғары екенін айтты.

Ресей компаниялары Қазақстанға тұрақты түрде инвестиция салып отырған бес негізгі елдің қатарына кіреді. Бүгінде Ресеймен бірлесіп, жалпы сомасы 16,5 миллиард доллар болатын 40 ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Беларусьпен арадағы қарым-қатынас туралы айта келе, ауыл шаруашылығы техникасын шығару және машина жасау салаларындағы тәжірибені оң бағалады. Бұл бағыттағы жобалардың жалпы құны – шамамен 180 миллион доллар.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қырғыз Республикасымен арадағы байланыстарымыздың тұрақты дамып келе жатқанына, өзара сауда-саттық қарқыны жоғары екеніне назар аударды.

Жеті айда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. Қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен салудың келешегі зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев көрмені ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін үкіметтер басшыларына тағы да алғыс айтты. Сондай-ақ олардың жұмысына табыс, ал елдеріміздің игілігіне қызмет ететін жаңа бірлескен жобалардың көбеюіне тілектестік білдірді.

Барлық жаңалықтар