00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Биыл ел экономикасы 4,9%-ға өсті

15.11.2023 | 04:07
34
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлады Elorda.info.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ға жетті. Олардың ағыны көлік және қоймалау саласында 58%-ға, денсаулық сақтау саласында 40%-ға, саудада 38%-ға, білім саласында 18%-ға, ауыл шаруашылығында 8,7%-ға, өнеркәсіпте 8,3%-ға өсті.

Алдын ала қорытындылар бойынша, қаңтар-қыркүйекте республиканың сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға $102 млрд-қа дейін өсті. Экспорт $57 млрд-тан астам болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспортының үлесі – $18 млрд, тауарлар импортының үлесі – $44 млрд-тан астам. Қазақстанның оң сауда балансы $13 млрд-қа тең.

Премьер-министр еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Құрылыс секторында өсу қарқыны жоғары – 12,5%, 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы бойынша сауда 10%-дан астам, байланыс 8% және көлік секторы 7%-ға өсті.

Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.

Жыл соңына дейін барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуі тиіс. Жеке инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Бұл – біздің басты міндетіміз, - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңірлер инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп, жоспарланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.

Премьер-министрдің сөзінше, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында инфляция деңгейін 10,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге азайту үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені аясында барлық жоспарланған қадамды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет. 

Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткішті қамтамасыз ету қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Барлық жаңалықтар