00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Түркістанды оазис жасау өз қолымызда

24.02.2023 | 20:22
Елорда ақпарат
64

Төрткүл дүниеге төрт қақпасын тең ашқан қасиетті мекенде суландыру жүйесі, суармалы егіншілік болды. Алайда жаугершілік пен отарлау салдарынан Түркістан еңсесін тіктей алмады. Жер бедері шөлейтті, климаты құрғақ, аптап ыстық аймақта жасыл белдеу азайды. Түркістанға түркі жұрты көңіл бөліп, дамытуға атсалысқан тұста қаланың гидромелиорациялық жүйесіндегі кемшіліктер өзге ресурстардың жұмысына кедергі келтірді. Сондықтан аймақ басшылығы ең алдымен ирригациялық жүйені қалпына келтіруді қолға алды.

Ежелгі Түркістан даласы шөбі шүйгін, шұрайлы жер болғаны белгілі. Су көздерін де, өзен суын да тиімді пайдалана білген. Біз де қазір осы бағытта ауқымды жұмыс атқарудамыз. Алдағы уақытта ауыз суға, аяқсуға қатысты мәселе болдырмауға жұмыс жасаудамыз, - дейді Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев.

Соңғы екі жылда Түркістанда 13 мың гектар жерге ағаш егіліп, саябақтар мен газондардың ауданы 2,5 есе өскен. Қалада 80 шақырым канал жүргізіліп,  су айдыны 400 гектардан астам ауданды құрады. Осылайша, микроклиматты жақсарту жұмыстары жүйелі нәтижесін беруде. Су көздерін қайдан алып, қалай тиімді пайдалануға болады. Басты мәселе осы.

Оңтүстік өңірде соңғы 40 жылда бір де бір бөгет салынбаған. Яғни өзен суынан бөлек, көктемгі қар суын, жауын шашынды тиімді пайдаланып, сақтап, жүйелі пайдалану жолға қойылмаған. Наурыз-сәуірде өзен суы тасып, елді әбігерге салса, мамыр-тамыз айларында суға қажеттілік одан сайын күшейеді. Ал бұл түйіннің тарқауы тек су қоймасын салу ғана. Себебі, қала өсетінін ескерсек, суға деген сұраныс артып, сәйкесінше, су тапшылығы туындайды.

Қазіргі кезде түркістандықтардың шаруашылық-ауыз су қажеттіліктері Мырғалымсай мен Қарашық кен орнындағы қор есебінен өтеліп отыр. Судың 1 жылға бекітілген қоры – 120 млн м3-ден астам.

Ал қаладағы саябақтар, жасыл белдеулер мен жеке жер телімдерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін жылына 230 млн куб су қажет екен.  Су тек ауыл шаруашылығының «алтын қоры» емес, халықтың тіршілігі, тағдыры. Сол себепті еліміздің рухани жүрегіне «қан жүгірту» кезек күттірмейді. Мұны билік те жақсы біледі, түсінеді. Сондықтан эксперттер мен ғалымдар өлкедегі мәселені зерттеп, зерделеп су тасымалдау шығындарын қысқарту, жаңа су қоймаларын салу, Кентау қаласының су шахталарындағы суды пайдалану, Сырдария өзенінен жаңа машиналық арна салу шешімін қабылдады. Бұл шаһарда ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандарының құрылысының қарқын алуына мұрындық болды.

Өңірдегі егістікті суаратын негізгі су көзі – «Бөген» су қоймасы.

Қойма Бөген өзені суымен, сондай-ақ Арыс магистралды каналы арқылы келетін Арыс пен Боралдай өзендерінің суымен толығады. Қоймаға 45 кубпенен 370 млн куб су жиналғанша біз пайдаланамыз, одан артығы сыймайды, - дейді  «Бөген» су қоймасының учаскелік басшысы Е.Сәтенов.

Бөген қоймасынан су батысқа қарай 142 шақырым ағып өтіп, Түркістан магистарлды каналы арқылы ағады. Бір маусымда канал шамамен 400 млн м3 су өткізеді. Алайда суды тасымалдау барысында 120 млн м3 су құмға сіңеді. Яғни канал суы сүзгіден өтіп, топыраққа сіңіп, айналасындағы көк шөп, бұталарды қоректендіріп, жерасты көздердің қорын толықтырады. Ал топырақ қабаты неғұрлым қатты болса, соғұрлым сүзгілеу жылдамдығы төмендеп, су шығыны азаяды. Сондықтан «Түркістан магистралды каналында»  күрделі жөндеу, арнаны бетондау жұмыстары жүзеге асырылуда. Талапқа сай канал түбі 8 метрден 10 метрге дейін бекітіліп. Осылайша су шығыны жылына 60 млн м3-қа азайту жоспарланған.

Көктемгі су тасқынының алдын алу және су қорын сақтап қалу үшін «Кеңсай-Қосқорған 2» жобасы жүзеге асырылып, «Сарқырама» су қоймасын салу жоспары әзірленуде.

Көктемгі тасқын судың барлық ағынын сақтап қалы үшін Бәйдібек ауданында 50 млн м3 сыйдыратын рельеф таптық, сол жерге «Сарқырама»  су қоймасын салып жатырмыз. Сол жерде 50 млн куб су жинақталып, жаз бойы Бөген су қоймасы арқылы Түркістанға жеткізіліп отырады, - дейді Ө.Шөкеев.

Ал «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы Түркістан қаласының солтүстігінде орналасқан. Су қоймасы қолданыстағы «Қосқорған» су қоймасын толықтырып, тұтас каскадты жүйеге айналды. Енді тиімсіз жұмсалған Хантағы өзенінің суы мақсатты пайдаланылатын болады.

Түркістандағы су тапшылығын тоқтатудың тағы бір тетігі іргелес орналасқан Кентау шахталарындағы суды тартып, Қосқорғанға жеткізу. Бұл, біріншіден, облыс орталығындағы су жетіспеушілігін қамтамасыз етпек, екіншіден, Кентауды артық су апатынан құтқарады. Осы бағытта Кентау қаласында 14 ұңғыма қазылады.

Келбеті келіскен шаһар көкжелегін сақтау үшін 44 шақырымнан асатын машиналық арна арқылы Түркістан магистралдық каналына дейін су тасымалданады. Осылай ғана қала дамуына қажетті су жиналады.

«Судың да сұрауы бар». Тіршілік көзін егістік үшін тамшылатып суғарып, соны технологиялармен игермесе, талай тірлік босқа кетеді. Сондықтан халық та суды үнемдеп пайдаланып, бағасын білуі тиіс.

Барлық жаңалықтар