00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Зейнетақы қорындағы ақшаны алуға кедергі келтірудің соңы әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін – Дос Көшім

24.02.2023 | 19:42
Елорда ақпарат
56

Былтыр күзде Қасым-Жомарт Тоқаев 700 мың қазақстандыққа зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алуға рұқсат берді. Осыған сәйкес, 2021 жылдан бастап елімізде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы қолданыста. Содан бері тұрғындар зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін үй жағдайын дұрыстауға жұмсаса, енді бірі ипотека қарыздарын жабуға және ем алуға пайдаланып жатыр. Статистикалық мәліметтер бойынша, халықтың шамамен 97 пайызы тұрғын үй саласын дамытуға жұмсаған, шамамен 3 пайызға жуығы денсаулығын жақсартса, 0,1 пайызы инвестициялық қорларға аударған. Үкіметтің зейнетақы қорындағы ақша алу шегін 1,8 пайызға өсіретіні белгілі болғаннан кейін 3 күн ішінде 46 мың адамнан өтініш түскен. Соның салдарынан Қазақстанда үй бағасы қайтадан 10-15 пайызға қымбаттап кетті.   

Неліктен жеткілікті шекті көтерді?

Дос Көшімнің айтуынша, жеткілікті шекті көтеру арқылы зейнетақы қорынан ақша алуына заңды жолмен тосқауыл қойып отыр. Яғни, зейнетақы қорындағы ақшаны алу қиындайды деген сөз. Олар елдегі ең төменгі жалақының өскенін сылтау қылады.

«Жинақ қорында отырғандар да адам. Оларға да пайда керек. Егер адамдардың бәрі зейнетақыларын қордан ала бастаса, олардың қазынасы ортайып қалады. Демек олар өздерінің пайдасын, қызметкерлерінің жалақысын ойлайды. Қысқасы, олар осы арқылы жинақ қорынан адамдардың ақша алуына тосқауыл қойып жатыр. Әрине, олар ең төменгі айлық жалақының көтерілгенін (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін) сылтау қылады. Орта жалақыны айтады. Бірақ, менің ойымша, орта жалақы 250 мың теңге дегені ақылға сыймайды. Әрі кетсе біздегі орта жалақы 160 мыңдай ғана. Демек бұл жерде жинақ қорының адамдары, олардың басшылықтары халықтың жинақ қорынан ақшасын алуына заңды жолмен бөгет қойып жатыр деп ойлаймын», – деді Д. Көшім.

Саясаттанушының сөзінше, Үкіметтің бұл шешіміне тұрғындар қарсылықтарын білдіріп жатыр. Себебі бұл - азаматтардың жеке қаражаты.

«Енді мұның соңы неге алып барады деген сұраққа келсек, көріп отырғанымыздай, қоғам мұны қарсы пікірде қабылдады. Кәсіпкерлер де, саясаттанушылар да, басқалар да мұның халыққа қарсы жасалып жатқан әрекет екенін ашық айтты. Менің ойымша, Президент бұған тыйым салуы керек. Бұрынғы жағдайда қалдыру керек. Себебі бұл зейнетақы – азаматтардың, өзіміздің жинаған ақшамыз. Оны алуға кез келген уақытта мүмкіндік берілуі керек. Қазір кәдімгідей көзімізді бадырайтып қойып, өзіміздің ақшамызды өзімізге қашан беретінін сол жинақ қорының басшылары анықтап жатыр. Бұл - ақылға сыймайтын мәселе!», – дейді ол. 

Ал экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, бұл шешім халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тиімді болмады.

«Зейнетақы қорынан ақша аудару көбіне құрылыс саласына пайдалы болды. Бұл бастама әлеуметтік осал топтарға ештеңе бермеді. Олардың кейбірінің зейнетақы қорында ақшалары мүлдем болмады. Сол себептен БЖЗҚ-дан бәрі ақша алуға жүгірген кезде Үкімет сол қаражаттың мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да шығындарға зейнетақы қорының ақшасын пайдаланатынын ескермеді. Бірақ сонда да Үкімет ақша беруін тоқтатпады. Активтердің өтімділігінің жоғары емес екенін байқап, оны өсіруге шешім қабылдады», – дейді экономист.

Қаржылық сауаттылық мектебінің негізін салушы Өркен Дінасыловтың пікірінше, мұндай шешім қабылдамастан бұрын толыққанды зеттеу жүргізу керек болатын.

«Жаңағы зейнетақы қорынан осыдан бір жыл бұрын Президентіміз зейнетақы сақтаушыларға ақша беріп, ипотекаға және басқа да нәрселерге жұмсауға рұқсат берді. Бірақ бұл шара экономикалық тұрғыдан қарағанда 1 «класстағылардың» жасайтын қателігі. Президентімізге мұндай кеңесті берген мамандар кәсіби емес, олар осы арқылы Мемлекет басшысының репутациясына нұқсан келтірді. Кәсіби мамандарды қою керек, бұл бастаманы мүлдем жауып тастау керек. Менің ойымша, осындай олқылықтарды болдырмастан бұрын шараны қабылдарда оны болжау керек еді. Енді бағалар мен инфляция өсті. Енді не істеу керек? Бағалардың өсуіне байланысты минималды зейнетақыны да өсіру керек, минималды зейнетақыны алу үшін адам белгілі бір соманы жинап алуы керек. Енді ол ақша жиналмай қалды, себебі оның бәрін ипотека сынды анау-мынауға беріп жатыр. Мемлекет зейнеткерлерге неден төлейді? Сондықтан олар жеткілікті шекті көбейтті. Жаңағы жеткілікті шекті көтергені өте дұрыс. Жалпы бұл бағдарламаны жауып тастау керек», – дейді экономист.

Бұл шешімнің салдары қандай болады?

Дос Көшімнің пайымынша, осындай жағдайды түрлі саяси топтар өз мақсаттарына пайдалануы ықтимал.

«Енді арғы жағы не болуы мүмкін? Әрине, саяси топтар мұны міндетті түрде қоғамды көтеру үшін пайдаланады. Өзінің жинақ қорындағы ақшаны алам деп отырған халық осындай шектеу қойылғаннан кейін міндетті түрде күреседі. Қандай күрестің жолы болады? Бұл сол уақыттардағы қоғамдық жағдайларға байланысты. Егер шындығында еліміздің батысындағы, Аралдағы болып жатқан жұт, бір жылдың ішінде 30 пайызға дейін бағаның күрт өсуі - осылардың бәрі бір жиналып келсе, ол міндетті түрде әлеуметтік толқынысқа алып келеді. Бұл билікке қажет пе?», – деп өз пікірін білдірді  саясаттанушы.

Расул Рысмамбетов те халық тарапынан сенімнің азайып, көңіл қалушылық болатынын алға тартып отыр.

«Көңіл қалушылық болады. Негізі жеткілікті шек ашық болуы және «предсказуемо» болуы керек еді. Бір күннің ішінде ондаған адамға қатысты шешімді шығара салады. Мұны ашық етіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек еді. Экономикалық салдарына келер болсақ, ондай қатты өзгеріс болады деп ойламаймын. Бұдан тұрғын үй бағасы қатты түсе қоймас. Әлеуметтік салдары: сенім болмайды, Үкіметке халық тарапынан бәрібір сенім аз. Осы жолғы шара арқылы да Үкімет тұрғындармен жұмыс істей алмайтынын көрсетті», – дейді экономист.

Өркен Дінасылов БЖЗҚ-дан ақшаның бір бөлігін алу бастамасы елдегі нарық жағдайына, әсіресе, бағаның күрт өсуіне әсер еткенін айтты.

«Мұның салдары инфляцияның жоғарылауына әкелді. Қазір, өзіңіз көріп отырғандай, ипотеканы айтпағанның өзінде азық-түліктің бағасы өсіп кетті. Негізі бәрі содан басталды ғой. Зейнетақы қорындағы ақша - мемлекеттің ұзақмерзімді міндеттері. Сол ұзақмерзімді міндетті олар қысқа мерзімді міндет етіп жіберді. Енді экономикада ақша көп болып кетті. Жаңағы міндетті олар құрылыс компаниялары арқылы қолма-қол ақша етті. Яғни экономикаға құрылыс саласынан ақша түсті. Содан келіп алдымен құрылыс материалдарына баға өсті. Артынша азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті. Бұл сол шараның салдары десек болады. Бізде зейнетақы қоры - әлемдік стандарт бойынша ең жақсы жасалған қор. Бірақ сол қордағы активтерді басқару стратегиясы мүлдем дұрыс қойылмаған. Сол нәрсені дұрыстасақ, 5-7 жылдан кейін біздің зейнеткерлер халықтың ең бай санатына кіреді», – деп атап өтті Өркен Дінасылов.

Жалақысын жылына 10-15 пайызға өсіре алмаған адам қарызға батады

Мақаламызды белгілі экономист Мақсат Халықтың экономикалық есептерімен қорытындылауды жөн көрдік.

«Жеткілікті шекке жету үшін 250 мың теңгемен (орташа жалақы) есептегенде 20 жастан бастап 30 жасқа дейін 10 жыл ішінде 5 млн теңге қаражат жинайды. Ол үшін 250 мың теңге тұрақты табыс табуы қажет және зейнетақы қорының инвестициялық кірісі 10 пайыздан төмен болмауы керек. Сол кезде ғана 30 жаста 5 млн теңге ақша жинай алады. Егер қазіргі жеткілікті шекті қарайтын болсақ, 30 жастағы азамат 4 млн 370 мың теңге жинауы тиіс. Ол адамда 5 млн теңге бар десек, үстіндегі 700 мың теңгедей қаражатын ала алады. Ал егер осылай жекткілікті шек өсе беретін болса, ол адам ақшасын зейнетақы шегінен асыра алмайды. Экономистер «жалақысын жылына 10-15 пайызға өсіре алмаған адам қарызға батады» деп айтады. Ол жағдайдың өзінде де дәл осылай жеткілікті шекке азаматтар ешқашан жете алмайды, өйткені бұл геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр. Орташа жалақыны орташа есеппен емес, орташа медиандық табыспен есептеу керек. Бұл дегеніміз – халықтың басым көпшілігі алатын жалақы. Ол қазір 150 мың теңгені құрайды. Жалпы, Қазақстан бойынша 10 миллионға жуық экономикалық белсенді халық бар, соның 70 пайызға жуығы 150 мың теңге табыс табады. Сонда жаңағы 250 мың теңге былай тұрсын, реалды жағдаймен 150 мың теңге деп есептегенде жаңағы жеткілікті шекке жету арман болып қалады», – деп түйіндеді экономист.

Назерке Еркінқызы

Барлық жаңалықтар