00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Несиелер пайызы жоғарыласа халықтың Үкіметке сенімі азаяды – сарапшы

24.02.2023 | 16:12
Елорда ақпарат
87

Сонымен, қазір Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеме – 9,5 пайыз. Ал ЕО елдерінде, АҚШ және Жапония сынды мемлекеттерде 0-0,5 пайыз дәрежесінде. Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық банк қоятын базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы өз кезегінде бірқатар келеңсіздіктерге алып келеді. Атап айтқанда, несие пайызының жоғарылап, халық наразылығының артуына, бизнестің даму қарқыны төмендеп, экономиканың құлдырауына, сондай-ақ халықтың төлем қабілетінің әлсіреп, әлеумет әл-ауқатының нашарлауына әкеп соғады.

UIB Бизнес Мектебі менеджері, экономист-сарапшы Асылхан Андашовтың пікірінше, базалық көрсеткішті жоғары етудің зиян тұстары да бар.

«Ұлттық банктің ставканы жоғары етуінің зияны: біріншіден, несие жоғары пайызбен берілетін болады. Халыққа және кәсіпкерлерге несие алу, кәсіпкерлерге өз кәсібін қаржыландыру, халыққа несие алу арқылы кәсіп бастау қиындайды. Тұтынушылық несиелер де қымбаттайды. Ал тұтынушылық несиелердің пайызы өскендіктен, адамдар аз несие алады, аз тауар тұтынады, кәсіпкерлердің табысы азаяды. Екіншіден, екінші деңгейлі банктер бизнесті қаржыландыруға қызықпайды. Пайыз жоғары болса, несиесін төлей алмайтын адамдар мен кәсіпкерлер көбейеді. Ал пайыз төмен болса, екінші деңгейлі банктер табыс көздерін іздеп, кәсіпкерлерді қаржыландыруға көшеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бизнес қаржыландырылмаған соң оның дамуы да қиындайды.

«Мұндай жағдайлардан соң іскерлік белсенділік төмендеп, кәсіпкерлер несие төлей алмағандықтан жабылып, жұмыссыздар саны артуы мүмкін. Ал мемлекетке зияны – несиелер пайызы жоғары болса, халық наразылығы артады, Үкіметке деген сенім азаюы мүмкін», – деп атап өтті Асылхан Андашов.

Ал экономист-сарапшы Жалғасбек Ақболаттың сөзінше, базалық көрсеткіштің жоғары болуы шетелдік инвесторларды тартуға өз ықпалын тигізетін көрінеді.

«Егер базалық ставканы жоғарылататын болса, онда ол теңгенің қымбаттауына әкеп соғады. Бұл ретте әрине бизнес тарапы ондай қызығушылық танытпайды. Бірақ оның жалпы қор биржасына оң әсерін тигізетінін де ескеру керек. Себебі кіріс жоғарылаған кезде ол инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ егер базалық ставка жоғарылайтын болса, онда банктегі депозиттің мөлшерлемесі көтеріледі. Мұндай кезде шетелдік немесе отандық инвесторлар мұны бір мүмкіндік ретінде қарайды», – дейді ол.

Экономист-сарапшылардың пайымынша, базалық пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы несие сұранысының артуына әкеледі. Сондықтан инфляция деңгейін қадағалап отыру маңызды. Мысалы Асылхан Андашовтың айтуынша, базалық пайыздық мөлшерлеме Еуропа елдеріндегі сияқты төмен болса, инфляция деңгейі қатты көтеріліп кетпейтіндей болуы үшін мемлекет тек шикізат емес, дайын өнім өндіруі және экономиканы диверсификациялау қажет.

«Неге Ұлттық банк ставканы Еуропа елдері сияқты 0-0,25 пайыз етіп қоя алмайды? Өйткені дамушы елдерде инфляцияның өсіп кету қаупі жоғары, ал дамыған елдерде ол 0-2 пайыз төңірегінен аспайды. Ұлттық банктің қолындағы басты құрал – базалық пайыздық көрсеткіш/мөлшерлеме (базовая ставка). Ұлттық банк сол арқылы елдегі сұранысты арттырып, экономиканың өсуіне ықпал етіп, инфляциямен күресу үшін де пайдалана алады, сонымен қатар елдегі ақша массасын қадағалау кезінде қолданады», – дейді сарапшы.

Ал Жалғасбек Ақболат базалық пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы тұрғындарға және бизнес саласына оң әсерін тигізетінін алға тартып отыр.

«Егер базалық ставка төмендесе, кіріске теріс әсерін тигізеді. Базалық ставканы инфляцияның деңгейіне туралауға тырысады. Жалпы базалық пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы халық пен бизнес өкілдері үшін тиімді деуге болады. Себебі базалық ставканың төмен болуы бұл жерде бизнестің белсенділігіне, несиеге деген сұранысқа алып келеді. Яғни сұраныс жоғарылайды. Ол біздің теңгеміздің тиімді қозғалуына, оған деген сұраныстың артуына ықпал етеді. Жалпы егер ақша массасына сұраныс көп болатын болса, онда бизнес тарапы ақшаны пайдаланып, ол бизнестен тағы да ақша жасауға тырысады. Яғни іскерлік белсенділік артады», – дейді экономист.

Назерке Еркінқызы

Барлық жаңалықтар