00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Жалпы ішкі өнім мен халықтың әл-ауқаты арасында байланыс жоқ

20.12.2023 | 04:30
65
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан экономикасы 11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 5 пайызға жуық өсімге қол жеткізілді, жыл соңына дейін 5 пайыз болады. Бұл соңғы жылдарда болмаған көрсеткіш, ең жақсы өсім 4 пайыз деңгейінде болып жүрді. Тұрғындардың әл-ауқаты мен ел экономикасының бүгінгі жағдайы туралы Elorda.info сарапшысы, белгілі экономист Мақсат Халық қысқаша саралап шықты. 

2013 жылы 6 пайыздың үстінде өсім болған, сонда соңғы он жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Экономикалық өсім мен халықтың табысы арасында тікелей байланыс болуы қажет.  Елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 300 долларға жетіп, еліміз табысы орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Әлемдік стандарттар бойынша 10 000 доллардан төмен болса кедей ел, 10 000-12 000 доллар арасында табысы орташа, ал 12 000-20 000 арасы табысы орташадан жоғары деп бағаланады. Демек әлем біздің елді табысы орташадан жоғары ел деп қабылдайтын болады деген сөз.

Ал екінші бір көрсеткіш Энгель заңы бойынша егер халық табысының жартысын азық-түлікке жұмсаса кедей ел деп есептеледі. Ол бойынша халқымыз әлі кедей елдердің қатарында, табысының көп бөлігін азық түлікке жұмсайды.

Еліміздегі кедейшілік деңгейі соңғы деректерде 5,1 % деп тұр. Дүниежүзілік Банк болса  Қазақстанда кедейшілік  16 % деп келтірген. Дүниежүзілік Банктің есептеулеріне сүйенетін болсақ, егерде халықтың табысы күніне $6,85 доллар болса, онда кедей азаматтар қатарына қосылуы керек. Ал Қазақстанда кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептелінеді. 

Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 2023 жылы 40 567 теңге. Тұтынушылық себетте соңғы өзгеріс 2006 жылы болған, оның ішінде 43 тауар бар. Сол кезеңнен бастап әлі де оның құрамы өзгерген жоқ. Салыстыра айтсақ Ресейде 150-ден астам, ал Еуропада 250-ден басталып, тіпті кейбір елдерде 700 тауарға дейін жетеді. Көршілес Ресейде 2021 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтыну себетіне байланысты болмайды деген шешім қабылдаған болатын. Ресей елінің Еңбек министрлігі күнкөріс минимумын шартты тұтыну себетіне байланыстырудан бас тартуды және бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы орташа медиандық табыстың 44,2% - ы ретінде есептеуді қолға алып жатыр. 

Бұл ұсынысты біздің елге де қолдануға болады. ҚР Ұлттық статистика бюросы 2023 жылы Қазақстандықтардың жалақысын зерттеу қорытындысын ұсынды, оған сәйкес алғашқы екі тоқсанның қорытындысы бойынша орташа жалақы 365 502 теңге, ал орташа  медиандық жалақы 240 779 теңге. Яғни, онда еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 106 424,3 теңге, ал ең төменгі жалақы 50% - ы деп алсақ, ол күнкөріс шегінен жоғары болуы қажет 120 389,5 теңге болып шыға келеді. 

Әлемде ең төменгі жалақыны есептеудің тағы бір әдісі орташа жалақының үштен бір бөлігін алады екен, ол бойынша 365 502 теңгені үшке бөлсек 121 834 теңге шыға келеді. Екі әдіс бойынша да шамалас болып шығып тұрғанын байқауға болады.

Бүгінгі күні ЖІӨ мен халықтың әл-ауқаты арасында байланыс жоқ болып тұр. Демек экономикадағы заңдылықтардың дұрыс орындалуы қамтамасыз етілуі қажет. Еліміздің экономикасының өсуімен қатар халқымыздың әл-ауқаты да жақсаруы бүгінгі қоғамның басты талабы.

Барлық жаңалықтар