00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Шаруалар үшін дизель отыны бағасы былтырғы құнымен қалды

Үкімет
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды, деп хабарлады Elorda.info

Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн га құрайтынын, оның ішінде  бидай алқабын 429,2 мың га қысқартумен 13,3 млн га жер бөлінетінін айтты. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделуде. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдарды 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн гектарға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың гектарға дейін жеткізу күтілуде.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-мен литрі 250 теңге. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.

Премьер-Министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек, — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.

Барлық жаңалықтар