00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Үкіметте шетелдік инвестицияларды тарту жоспарлары талқыланды

31.03.2023 | 22:27
Елорда ақпарат
17

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құрағанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі.

Әлихан Смайылов аталған бағыттарға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне де қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы айта отырып, олардың көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 млрд-ты құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық екенін баяндады. Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т. б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.

Премьер-министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Сыртқы істер министрлігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет, — деді Үкімет басшысы.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Барлық жаңалықтар