00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Мұсылман банктерінің ипотека беруі ислам принциптерін бұзып жатыр - сарапшы

24.02.2023 | 15:23
Елорда ақпарат
38

Шариғатқа негізделген ислам банктерінің кеңінен насихатталмауы, тұтышулардың аздығы көңілге күдік ұялатады. Осы орайда ислам банктерінің танымал болуы кімдерге зиян келтіреді немесе оған не кедергі деген заңды сұрақ туындайды. Сол себепті біз сарапшылар пікірін сұрап көрдік. Мысалы, белгілі экономист Мақсат Халық елдегі қаржы жүйесінің Ұлттық банк саясатымен жүретінін айтып отыр.

«Ислам банктерінің халық арасында кең таралмауының басты себебі, Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясатына байланысты. Яғни Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары. Ол өз кезегінде ислам банктерінің келуіне тосқауыл қояды. Сарапшы ретінде айтар болсам, қазіргі уақытта Қазақстандағы ислам банктері – пайыздық несие беретін институттардан еш айырмашылығы болмай тұр», – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы ислам банктерінің мұсылман дініндегі критерийлерге сай келмейтіндігін, несие пайызының тым жоғары екенін алға тартты.

«Қазақстандағы ислам банктерінің ипотека беруі ислам принциптерін бұзып тұрғандай. Неге десеңіз, ипотека рәсімдегенде үстіне төленетін артық төлем бар. Ол төлем кейбір банктерден асып кетеді. Бір пәтер алсаңыз, тағы бір пәтер құнын төлейсіз. Оданда басқа  екінші деңгейлі банктерден ипатека рәсімдеген тиімді болып тұр. Халық арасында да, ислам банкі болса, неге пайызы көп деген сұрақ көп. Жалпы, пайыз ислам бойынша харам емес пе?!», – дейді Мақсат Халық.

Ал келесі экономист-сарапшы Жалғасбек Ақболат бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ислам банктері тұтынушылар үшін әлдеқайда тиімді және банк әр тарапқа түсіністікпен қарайды.

«Ислам банктерінің талаптары бизнес және ипотека үшін тиімді. Бизнесті қаржыландыру бойынша екі қызмет көрсетеді. Оның біріншісі – мудараба, екіншісі – мушарака. Мудараба инвестиция жасаумен айналысады. Шығынды банк тарапы өзі көтереді. Ал мушарака инвестиция салар кезде клиент және банк тарапынан жасалады. Исламның негіздері серіктестікке негізделгендіктен, біздің азаматтар үшін тиімді. Екіншіден, этикаға негізделген принциптерге сүйенеді. Өз кезегінде банк тарапы мен азамат тарапы серіктестік және сенім тұрғысынан жұмыс істейтін болса, онда банктер мен азаматтардың жұмыс жасауы жүйелі болады», – дейді Жалғасбек Ақболат.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік тәжірибеде ислам қаржы институттарының сәтті жүргізіліп жатқандығы – қолайлы жағдай және төмен инфляция.

«Еуропада ислам негізінде құрылған банктердің кеңінен таралу себебі, базалық пайыздың төмен болуынан, яғни нөл дәрежесінде. Ал бізде 9,5 пайыз. Ислам банктері сынды шетел банктеріне біздің банк қызық емес. Біріншіден, халық саны аз. Екіншіден, базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары», – дейді Мақсат Халық.

Ал Жалғасбек Ақболат болса, ислам банктерінің жақсы жұмыс істеуі белгілі бір мемлекеттің наным-сенімдеріне байланысты емес екендігін айтып отыр.

«Ислам қаржы ұйымдары әлем елдерінде өте қарқынды пайдаланылып келе жатыр. Мәселен, мұсылман мемлекеттері БАӘ мен Индонезияны, ал зайырлы мемлекеттердің ішінен Ұлыбритания мемлекетін айтуға болады. Олардың наным-сенімдері бөлек болғанмен, қазір олар исламдық қаржының негіздеріне сүйеніп, қаржылық қызмет көрсетіп жатыр», – дейді экономист.

Оның айтуынша, ислам банктерінің потенциалы жоғары, бірақ бұл жағдай олардың елімізде көп болуына әсер етпейді.

«2008 жылы бүкіл қаржы нарығы дағдарысқа ұшыраған кезде исламдық банк нарығы шайқалмады. Осындай потенциалды көріп отырсақ та, әлі күнге дейін әрекет жоқ. Бір қызық жағдайды айта кетсем, екінші деңгейлі банктердің негізгі акционерлері ретінде бұрынғы шенеуніктер, қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті, ол жақта саяси тұлғалардың жеке қызығушылықтары бар екендігін көреміз. Сол себепті, заң тұрғысынан екінші деңгейлі банктердің өміршең болуына тиімді жағдайды қарастырады. Мәселен, азаматтарға жылына 56 пайызбен несие беруге рұқсат етіп қойған», – дейді Жалғасбек Ақболат.

Сонымен қатар ол ислам банктері мен екінші деңгейлі банктерге мемлекет тарапынан жасалатын қолдау да әртүрлі екендігін жеткізді.

«Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер мемлекет тарапынан кепілдік алады. Ол дегеніміз, банк банкрот болған жағдайда салымшылардың депозиттерін қайтаруға мемлекет кепілдік береді. Ал ислам банктеріне арналған ондай кепілдік жоқ. Ислам банктерінің танымалдығы тым артатын болса, екінші деңгейлі банктердің ықпалы түседі. Олар құласа, біздің экономикамыз бен қолдан жасап отырған қаржы секторының да құлау ықтималдығы бар», – деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Осыған орай ислам банктерінің қазақстандық тұтушылары өз пікірлерін бөліскен болатын. Бірі банктің жеңілдігі жақсы десе, енді бірі тиімсіз екенін айтып отыр.

«Заманауи әлемде адамдар пайызы тым жоғары несие шырмауына көбірек түсіп жатыр. Бір бөлмелі пәтер аламын деп, екі-үш бөлмелі пәтердің құнын төлейді. Осы ретте ислам банктері қарапайым халықты құтқарады», – дейді Асыл Абайұлы атты тұтынушы.

Ал Айгүл есімді тұрғын ислам банкінен несие алу қолжетімді емес екендігін алға тартып отыр.

«Ислам банкінен несие алу үшін жоғары жалақы керек. Талаптары көп, жолы ауыр. Біз секілді төмен жалақыға жұмыс істейтін адамдарға тиімді емес», – дейді ол.

Назерке Еркінқызы

Барлық жаңалықтар