00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

«Отбасымның бір күні» тақырыбында түсірілген үздік бейнеролик авторлары марапатталды

15.02.2023 | 15:55
Елорда ақпарат
64

Отбасы күніне орайластырылған челлендждің шарты бойынша, елордалықтар 1-11 қыркүйек аралығында «Менің отбасымның бір күні» тақырыбына бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіде жариялауы тиіс-ті.

«Бұл челленджді осымен екінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Байқауға 18 бейнеролик қатысты. Қазылар алқасының құрамында Нұр-Сұлтан  қаласы әкімінің кеңесшісі  Қарақат Әбден, «Мерейлі отбасы» байқауының ІІ орын жүлдегері Қажымұрат Носиев, тарихшы-этнолог, «Қарашаңырақ» жобасының авторы Тұрар Шәкен Тұрар, ақын, журналист, тележүргізуші Нәзира Бердалы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Малик Шегебаев, Ішкі саясат басқармасының Үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімі басшысы Ердос Алтынбеков болды. Бейнероликтер бір-бірінен өтеді. Оның үстіне әр отбасы өздерінің ең құнды дүниесімен бөліскен соң, жүлделі орындар санын мейлінше көбейтуді шештік», – дейді челленджді ұйымдастырған «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының менеджері Сымбат Найманханқызы.

Челленджге қатысқан елордалықтардың көбі – көпбалалы, жас отбасылар. Соның бірі – Динара Белқожаева. Бүгінде төрт баланың анасы атанып отырған келіншек аталмыш байқауды Инстаграм желісінен кездейсоқ көзі шалып қалған екен.

«Отбасылық байқауға алғаш рет қатыстық. Челлендж қорытындысы бойынша біз «Еңбекқор отбасы» номинациясымен марапатталдық. Өйткені біз бейнероликте өзіміздің күнделікті істейтін шаруаларымызды көрсеткен едік. Мысалы, бір балам үй жинады, бір балам ыдыс жуды, бір балам шаң сүртті. Жолдасым екеуміз балаларымызды тірлікке епті, елгезек етіп тәрбиелеуге тырысып жатырмыз. Елордаға көшіп келгенімізге төрт жылдан асты. Қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Қазір бала күтіміне байланысты демалысты отырмын», – дейді ол.

Байқау нәтижесі бойынша, І орын Мұхаметрахым отбасына, ІІ орын Өмірдостар отбасына, ІІІ орын Воробьевтар отбасына бұйырды. Одан бөлек, бес отбасы әртүрлі номинация иегері атанды. Жеңімпаздарға «Айланд» аквапаркіне бір күндік билет берілсе, жүлдегерлерге балалар дүкенінің сертификаттары табысталды.

Барлық жаңалықтар