00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Суицидтік әрекетті әйелдер көбірек жасайды - маман

20.11.2023 | 05:30
61
Коллаж/Елтай Нурғазин

Бір күнде мыңдаған адам өмірге келеді, мыңдаған адам бақиылық болады. Өкініштісі, бұл қатарда өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын жалған дүниемен қоштасатындар да бар.  Қоғамдағы рухани дерт туралы Elorda.info тілшісі Астанадағы психологиялық көмек орталығының суицидолог-маманы Екатерина Мироновамен сұхбаттасты. 

-Екатерина Миронова өзіңіз білетіндей, мамандықтар тізімінде арнайы суицидолог маманы жоқ. Сіз бұл жолды қалай таңдадыңыз?

Бала кезімде өзімнің бойымда адамдарды тыңдай білу мен жанашырлық қабілетімді  байқадым. 1996 жылы мектепті бітіріп, жергілікті медициналық университетке түсіп, педиатр болуды жоспарладым.  Бірақ  таңдаған мамандықтағы кейбір кемшіліктер таңдауыма түзету енгізді. 5-ші курста психиатрия курсының оқытушысы оның ғылыми жұмысы үшін зерттеуге қатыстым. Сондықтан интернатурада осы мамандықты бірден таңдадым.  Елордада Дағдарыс қызметі ұйымдастырылды.  Жұмыс барысында қалада мамандандырылған суицидологиялық көмекке мұқтаж адамдар көп екені белгілі болды, бірақ бұл бағытта маман айтарлықтай тапшы екен. Осылайша психикалық денсаулық орталығынан тыс жұмыс істейтін шұғыл психологиялық көмек кабинетін ашу идеясы пайда болды. Мен мұнда 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы жылдары суицидке қатысты барлық жағдайдың фармакологиялық емдеумен қалыпқа келмейтінін түсіндім. Көбінесе мұндай адамдарға жылы сөз айтып, оған жанашырлық көрсету керек. Мұндай қадамға не үшін барғанын тыңдап, оған қолдау көрсету өте маңызды.

 

- Стаитистикаға көз жүгіртсек, бұл қауіпті құбылыстың біздің еліміздегі көрінісі  көңіл қуантарлықтай емес. Адамдар көбіне қандай жағдайда өзіне қол жұмсауға барады?

Әлемде бір жылда 730 мың адам суицид жасайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицидтің 800-ге  жуық себебі бар. Оның ішінде, эмоциялық күйзелістер, отбасы проблемалары, психикалық бұзылыс, қаржы тапшылығы сияқты түрлі себептер жатады. Ол адамның жас ерекшілігі мен мінезіне де байланысты. Сондай-ақ өмірінде орын алған оқиғалар да себеп болады. Жан-дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай  күй кешкенде адам іштей үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі.

-Қандай адамдар өз-өзіне қол жұмсауға бейім?

Мұндай әрекетке баратын тәуекел топта психикалық ауытқулары бар адамдар, ұзақ уақыт бойы соматикалық аурулардан зардап шегетіндер, жасөспірімдер мен қарттар бейім келеді. Сондай-ақ, мигранттар, қорлық көрген және әділетсіздікті бастан өткерген адамдар да өз-өзіне қол жұмсап жатады.  Суицидтік әрекеттерді басқаларға қарағанда әйелдер көбірек жасайды.  Ал ер адамдар өзіне қол жұмсаса , ол қайғылы аяқталады. Некесіз, ажырасқан, жесір қалған, баласыз және жалғыз тұратын адамдар арасында суицид жасау деңгейі жоғары. Жасы бойынша  айтатын болсақ, 15-24 жас аралығындағы жасөспірімдер  өмірінде туындаған қиындықтарға байланысты өзіне қол жұмсайды. Сонымен қатар 40-50 жас аралығындағы ересектер мен 65 жастан асқан адамдар суицид жасауға бейім келеді. Астана қаласы бойынша 20-29 жас аралығындағы жастар суицид жасауға әрекет жасайды, бірақ көп жағдайда дер кезінде көрсетәілген көмектердің арқасында аман қалып жатады. Ал 40-49 жас аралығындағы адамдардың мұндай әрекеті өкінішке орай қайғылы аяқталады. 

-Өз-өзіне қол жұмсамақ болған адамды көріп қалған жағдайда, оны қалай тоқтатуға болады?

Мұндай жағдайды елеусіз қалдыруға болмайды.  Ашық әңгіме жүргізу арқылы неге өмір сүргісі келмейтіні туралы білуге тырысыңыз.  Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет. Суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни, ушығып тұрған жағдайдың күндердің күнінде жарылары сөзсіз.  Суицид жасағандардың көбі өз мақсаттарын қандай да бір түрде білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Осындай жағдайларды байқаған бойда, ол адаммен ашық сұхбаттасып, сырласу керек. Ең бастысы жанашырлық таныта сөйлесу керек.

 -Өз-өзіне қол жұмсамақ болған адамның мұндай қадамға екінші рет бармайтынына кепілдік бар ма?

Өздеріңіз білетіндей, Астанада суицид бойынша арнайы қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Оған анонимді режимде кез келген адам жүгіне алады. Ересектер мен жасөспірімдерге арналған екі шұғыл психологиялық көмек кабинеті бар. Өз –өзіне қол жұмсауға әрекет жасалғаннан кейін адам көбінесе соматикалық стационарға түседі. Онда оның физикалық жағдайы қалпына келтірілгеннен кейін психиатр дәрігерінің диагностикалық кеңесі жүргізіледі. Нәтижеге байланысты ол шұғыл психологиялық көмек кабинетіне жіберіледі. Мұнда диагноз қойылады, суицид қаупі бағаланады. Бұл қадамға екінші рет бармайтынына кепілдік жоқ. Суицидке бір рет әрекет жасаған адамдардың 10  пайызы өз-өзіне қайта қол жұмсау салдарынан қайтыс болады.

-Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек?

Суицидтің алдын алудың бірнеше бағыты бар. Бастапқы профилактика – ол суицидтік мінез-құлықтың пайда болуын болдырмауға бағытталған шаралар. Мұнда салауатты өмір салтын ұстану, өз-өзіне қол жұмсау туралы  дұрыс ақпарат жеткізу, қолайлы әлеуметтік жағдай, мен БАҚ-та суицид тақырыбын сауатты жариялану жатады. Екіншісі, суицидтік жағдайды тоқтату мақсатында өзіне-өзі қол жұмсау әрекетін жасаған адамдарға қатысты шаралар.  Бұл дәрігерлер мен психологтардың стресс кезінде психикалық өзін-өзі реттеу әдістерін игеру. Үшінші профилактика-суицидтік әрекеттердің қайталануын болдырмау. Мұндай жағдайда әрекет жасаушының жақындарына көп жағдай байланысты болады. Өкініштісі, қоғамда психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген түсінік қалыптасқан. Осы жансақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керек. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуге тырысу қажет. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар