00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Несие алып той жасау парыз ба, әлде қарыз ба?

01.02.2024 | 04:13
81
Коллаж: Елтай Нұрғазин

 Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты,  Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Абден төмендегідей пікірде.   

Әрине, той - халықтың қазынасы, үлкендерден бата, халықтан алғыс-тілек алыну керек. Бірақ осы дәстүрді шағын, даңғазасыз өткізуге болады ғой?! Бұрын таршылық кезеңде ешкім бір-бірімен жарысқан жоқ, «қанағат» десті. Жабық палаткада өз қолымен жасалған  дастархан мәзірімен той өткізіп жүрді. Қазіргі тойлардан артық болмаса, кем өтпеді. Ал қазір бәрі бар, тоқшылық заман, бірақ көл-көсір дастархан мен ысырапта шек жоқ. Елімізде тойханадан көп нәрсе жоқ?! Бұл әрине дұрыс емес, - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар ол дегенмен  кейінгі жастардың той жасау туралы ұстанымы мен пікірі мүлде бөлек екенін алға тартты. 

Қазір той жасау мансаптың, дәреженің көрсеткіші емес. Заман өзгерсе де, рухани құндылықтар өзгермеуі тиіс. Бүгінгінің жастары артық шығынсыз  той жасауды қалайды. Олардың көзқарасы жаңарған, керісінше өздерінің дамуына, үй-жағдайларының реттелуіне қам жасайды. Әркім өз көрпесіне қарай көсілгені абзал. Табысқа қарай шығынды жоспарлау керек. Қазіргі уақыт соны талап етеді, - деді Қ.Абден.

Өз сөзінде  спикер прагматизмдік көзқарасты қалыптастыру қажет екендігін де  алға тартты. Ол соңғы кезде жиі орын алып кеткен намысқа тырысып, несие алып той жасайтындарға да қатысты қарсы пікірін алға тартты.

-Бірнеше несие алып, оны бәлен есе төлеп, қарызға батудың қаншалықты қажеті бар? Бұл шығынды өтеу той иелеріне, болашақ отбасыға, жастарға қиынға соғады. Салдарынан қылмыс көбейеді, ажырасады, өз-өзіне қол салады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін несие беру шарттары қиындай түсті. Мәжілісте кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту мен қарыз алушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы қаралды. Міне, осындай өзгерістер қазақстандықтардың оң көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймын. Шығынға батып, шырылдап жүргеннен, шаттанып жүргенге не жетсін?! Сондықтан «той десе, қу басты домалатпай», ілгері басқан абзалырақ, - деп өз ойын түйіндеді Қ.Абден. 

Ал, экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елімізде жалпы несие алған еңбекке жарамды, экономикалық белсенді 9 млн халық болса, соның 76%-ы тұтынушылық несиені той жасауға алады екен. 

Менталитет дейміз бе, даңқойлық дейміз бе, халықтың басым көпшілігі «ұят болады» деген қағиданы алға тартып, бірнеше  сағаттық той үшін несие алып, ысырапшылыққа бой алдырып жүр. Алайда, бұл той жасамау қажет деген сөз емес. Мысалы,  шет елде халықтың экономикалық әлеуеті  жақсы болса да, бұндай қадамға бару олардың түсінігінде жоқ. Себебі, көршілес мемлекеттерде той, жаназа мәселесінде ысырапшылықтың алдын-алуға байланысты ережелер бекіткен. Сондай ереже бізде де болу қажет, - деді Б.Ысқақов. 

Кейіпкеріміз халық несиені тойға алудан гөрі басқа мақсатқа алса, экономикаға қосымша табыс келуіне әсер етер еді дегенді атап өтті. 

Менің ойымша халықтың басым бөлігі тойға несие алудың орнына  шағын болса да өнеркәсіп, өндіріс ашуға, нақты кәсіпкерлікпен айналысуға несие алатын болса,  кемінде  4-5 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін еді. Ал, бұл процесс экономикаға салық ретінде түсетін қаражаттың біршама ұлғаюына әсер етеді. Нәтижесінде біздің банктер де кәсіпкерлікке, бизнеске қарай көбірек несие беруді ойластыра бастайды, - дейді экономист-сарапшы.

Қазақтың үйлену тойы бойынша докторлық диссертациясын Швейцарияның Цюрих университетінде қорғап келген антрополог, саяси шешімдер орталығының сарапшысы  Динара Әбділдә  да аталмыш жағдаятқа қатысты ойымен бөлісті.  Оның айтуынша, қоғамда той әр отбасының әлеуметтік-экономикалық статусынан хабардар беретін іс-шараға айналған. 

Тойды несиеге жасаудың себептерінің бірі нарықтық экономика заманының ережелеріне қазақтардың туыстық жүйесіндегі бір-біріне арқа сүйеу деген ғұрыптың төтеп бере алмауы. Қазіргі кезде жұрт бұрынғыдай жақынының тойына жабылып көмектесе алмағандықтан адамдар кредит алуға мәжбүр. Бұл бір себебі. Бұрынғы уақытта үйде палаткада өткізетін тойлардың мейрамхана форматына ауысуы да аталмыш мәселеге сеп болып отыр. Қоғамда той әр отбасының әлеуметтік-экономикалық статусынан хабардар беретін іс-шараға айналып кетті. Бұның салдары адамдар қаламаса да қарызға той жасауға мәжбүрлікке әкеліп отыр. Кейбір адамдардың есебінше той өзін ақтап, қарызды жабуы да мүмкін. Бұл көбіне өздері көп тойға барып, жақсы қаржылай сыйлық жасап жүретін отбасыларда сәтті жүзеге асады, - деп тұжырымдады Д.Әбділдә. 

Сарапшылар негізінен көптеген отбасылар өз шамасына сай той жасауға тырысатындығын айтты. Бірақ халықтың ақшаны алдын ала жинауға қаржылық әл-ауқаты жетпейтіндігі мен қаржылық сауаттылықтың аздығы секілді факторлар да той жасаймын деп  қарызға батушылардың қатары өсуіне себеп болатын көрінеді.

                                                                                                               Дариға ҚҰРМАНАЛЫ

Барлық жаңалықтар