00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Мемлекет ешкімді баспанасыз қалдырмайды – Олжас Бектенов

05.04.2024 | 15:07
Елорда ақпарат
61
Мемлекет ешкімді баспанасыз қалдырмайды – Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

Ақтөбе облысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлік режимде өңірлік штаб басшыларының қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Бүгінгі таңда елімізде су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тоғыз өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау). Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан барлығы 19 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды. Болжамға сәйкес, жақын арада бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылынады деп күтілуде. Қардың тез еруінен су қоймалары толуда. Бүгінгі таңда солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-нің қажетті күштері мен құралдары дайындалды.

Өз кезегінде Олжас Бектенов барлық өңірде әкімдіктердің өтініші бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті техника мен материалдарды тегін берген құрылыс компанияларына, жол жөндейтін ұйымдарға Үкіметтің атынан алғыс айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жөндеуге жарамды тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін, - деді Штаб жетекшісі. 

Фермерлер мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ерекше назар аударылды. 33 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оған қоса малдың өлім-жітімі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешуде.

Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды, - деді Премьер-Министр.

Барлық жаңалықтар