00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Мақсаты бар жан өмірден түңілмейді – психолог

Фото: Шынар Төкенова

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген есебі бойынша Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр. Жұмбақ өлімнің себептері неде? Адамның өмірден баян табуының негізгі шарттары қандай? Педагог-психолог Шынар Төкенова Elorda.info тілшісінің бұл сауалдарына логотерапия тұрғысынан жауап берді. 

-Шынар Қадимқызы, экзистенциальды психотерапияның бір түрі – логотерапия өмірден мән тапқан адамның жанынан безбейтінін айтады. Расымен, өмірге деген құлшыныстың артуына адамның үлкен мақсатының болуы әсер ете ме? 

-Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, логотерапия адамды мәнмен емдеу ғой. Бұл ілімнің негізін қалаған австриялық психиатр Виктор Франклдің өзі де - нацистік концлагерьде талай өлімнің аузынан қалған тұтқын. Оның Освенцимдегі адам төзгісіз жағдайда ақылынан жаңылмай, шыдамдылық танытуына да осы өмірлік мән – яғни, концлагерьден шыққан соң кітап жазып, адамдарды суицидтің тырнағынан аман алып қаламын деген адамзаттық арманы көмектеседі. Әлбетте, туған қаласында қалған ата-анасы мен жары да оның ажалға берілмеуіне алапат күш берген-тін. Ғалым бұл арманын орындады да, оған 1933-1937 жылдары өзіне қол жұмсамақшы болған 3 мыңнан астам науқас келіп қаралған. Франкл солардың түгелге жуығын абыройсыз ажалдан аман сақтап қалды. 

-Яғни, егер адам не үшін өмір сүріп жатқанын білсе, оны алға жетелейтін үлкен мақсат-мұраты болса, пенденің алғашқы қажеттіліктері – ас-су, жылу мен жағдайдың мардымсыздығына қарамастан, тіпті өміріне зор қауіп төніп тұрған қиын шақтарда да тірлікке деген құлшынысын жоғалтпайды дегіңіз келеді ғой? 

Дәл солай. Адам қандай жағдайға тап келсін мейлі, мән тапқан жан өмірден түңілмейді. Мысалы, алаш арыстары  Әлихан, Мағжандардың өмірін алайық. Олар да концлагерьлерде айлап, жылдап жатты. Ол жерде тамақ та, киім де, жылу да жоқ қой. Оның үстіне қабырғаны қайыстырар ауыр жұмыс. «Қай сәтте ажалдан хабар келер екен?» деген үрей тағы бар. Әйтеуір өлмешінің күні. Бірақ олар мәннен ажырады ма, мақсатын өзгертті ме? Жоқ, олар ештеңеге қарамастан сол мақсатында қалды. Яғни, адамның ұлы мақсаттары болғандықтан, оған тұрмыстық факторлар әсер етпейді. Әрбір адам – қайталанбайтын феномен. Мәселенің мәнісі сол – адам осы ерекшелігін танып-білуі керек. Абайша айтсақ, сол ерекшелігімен мына «кірпіш дүниенің кетігін тауып қалануы» тиіс. Тамақ, киім, машина, жұмыс, карьера дегеніңіз – қысқа мерзімді мақсаттар. Бұл да белгілі бір мерзімге дейін адамның құлшынысын оятады, дегенмен мұның да өмірі қысқа. Кейбір адамдардың орта жаста тоқырауға ұшырайтыны да содан. Жас кезінде қойған мұраттарына жетіп қойған. Енді қолда бар нәрсе қызықтырмайды. Сөйтіп, кейбіреулер өмірден баз кешеді. Адам қуыскеуделікке, неврозға шалдығады. Ал бұл болмыстың ашылмауынан, қоғаммен байланыстыратын үлкен мәннің болмауынан орын алып жатады. Тұлға өзін өмірде бар сезінбесе, агрессивтік, депрессиялық, апатиялық күйлерге түседі. Мысалы, біреуге көмектесу, айналаңның жақсаруына үлес қосу – бар болу. Егер адам бала кезінде бір адамға көмектессе, үлкен жақсылық жасаса, содан ләззат алады, бұл әрекеті өмір бойы жүрегін жылытып жүреді. Рас, адамға материалдық та, рухани құндылық та қатар керек, бірінсіз-бірі қиын болады. Бірақ біз басты орынға рұхани құндылықты қоюымыз керек. Тұлғаның жеке дамуы, отбасылық бақыты, қоғамдағы қарым-қатынас, өзіне деген сенімі – осы көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін, құжатпен дәлелдей алмайтын адамның басқа адаммен бөлісе алмайтын, біреуден ала алмайтын, өзіне ғана тиесілі құндылықтар. Бұлар болмаса, материалдық жағдайдың құны болмайды.  

- Дегенмен, редукционизм белең алған, яғни құнсыздану басымырақ заманда бұл қаншалықты мүмкін? Деректерге көз жүгіртсек, Виктор Франклдің өзі де осы редукционизммен бетпе-бет келіп, зерттеген ғой...

Иә, редуционизм - бізді рухани құндылықтардан алыстататын құрал. Ал рухани құндылық - өмірдің мәніне жақындататын тура жол. Жоғарыда айтқанымыздай, ажал сепкен концлагерьде де ең мықты тұтқындар - рухани дүниесі жоғары адамдар болған. Бір қызығы сол - олар адамды айуанның деңгейіне түсірген, ақыл-есінен айыратындай ауыр жағдайда да адамгершілігін сақтап қалған. Түбінде азап абақтысынан аман шыққандардың арасынан сол бекзат жандардың қарасы көп болған. Ал адамға зат ретінде қарау осы құндылықты өшіреді. Мәселен, ер адамның әйелді тек тек қана бала туатын, тамақ жасайтын, үй жинайтын техника сияқты қарауы, ал әйел адамның ерді әшейін ақша табатын әмиян, жағдайды жасайтын робот ретінде қарауы - әрі-беріден-соң ерлі-зайыптыларды қажытып, шаңырақтың шайқалуына әкеледі. Себебі саналы адам тек тамағы тоқ, көйлегі көк болғанға малданбайды, одан биік мәнді іздейді ғой. Сол айтқандай, мектепте сыныптағы оқушыларға сан ретінде қарап, адам құрлы көрмесе, олардың ерекшелігіне қарай тапсырма бермесе де солай, бұл балалардың сыртқы немесе ішкі ашу-ызасын тудыруы мүмкін. Өйткені олар өздерінің феномендік қасиеттерін басып тастағанды жақсы көрмейді. Редукционизмнің әсерінен жұмыста да адамға робот ретінде қарау, әсіресе, өнер иелерінің өз талантын жоғалтып алуы сияқты қасіреттерге әкелуі мүмкін. 

-Сіз айтып отырған сыртқы ортаның әсерінен бала өз-өзіне сенімсіз болып, әртүрлі неврозға ұшырамауы үшін құндылықтарды сіңіру тал бесіктен басталуы қажет шығар?  

Иә, бұл – дауласпайтын мәселе. Барлық психологтар мәселенің төркінін балалық шақтан бастайды. Сол үшін балаға кішкентайынан құндылықты құю керек. Бұл күресті біз балабақша және бастауыш сыныптардан бастағанды жөн көріп отырмыз. Құндылықтарға толған кеуде еш бос болмайды. Яғни, неврозға ұшырамайды. Неврозға ұшырамаса, депрессия болмайды, олай болса суицидтің де беті аулақ болады деген сөз. Мысалы, кесірткені алайық. Бұл жәндікті кессең, басқа денесі өз жұмысын атқара береді ғой. Адам да солай. Қандай қиындық түссе де, мән тауып алады да, тіршілігін жалғастыра береді. Яғни, бұл «қолыңда лимон болса, секер сеуіп, лимонад жасап іш» деген қағидаға саяды. Сол үшін де бала кез келген ситуациядан мән тауып шығып кетуі үшін оның бойына табандылық, күрескерлік, қажырлылық қасиеттерін сіңіруіміз керек. 

-Ал балабақша мен мектептер өзіне сенімді тұлға тәрбиелеу үшін не істей алады? 

Оқу-тәрбие барысында оқушыны бар ететін мұғалімнің қарым-қатынасы. Бұрын балаларда күйзеліс, суицид деген жоқтың қасы болатын, болса да қатты із қалдырмай өте шығатын еді. Оның себебі бұрынғы тәрбие процесінің мықтылығында ма деймін. 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін міндетті түрде тәрбие шаралары өте көп өтетін. Бұлар - сынып сағаттары, тақырыптық сағаттар, дәстүрлі, дәстүрлі емес форматтағы ата-аналармен жұмыстар, балалармен жұмыстар. Оның суицидке қатысы қандай десеңіз, ең бастысы, баламен осындай тәрбиелік іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса, ол өзін керек сезінеді. Онда олардың әрқайсысына көңіл бөлініп, белгілі бір тақырыпқа қатысты пікірі тыңдалады. Мысалы, оқушының тақта алдында тақпақ айтуының да пайдасы зор. Оқу процесінде бір мұғалім баланы орнынан-ақ сөйлетеді, ал бір мұғалім міндетті түрде тақта алдына шығарады. Мұның маңызы үлкен. Бұл кезде бала бойында көрінбейтін, байқалмайтын процестер жүріп жатады. Яғни, аудиториямен жұмыс, көз контактісін орнату, бойдағы сенімділігін арттыру т.б. Бала қобалжудың бірнеше секундтардан кейін жоғалып кететінін байқайды және осыдан кейін өзінің көпшілік алдында беделі өсе бастайтынын аңғарады. Ал қазір балабақшалар мен мектептерде тақтаға шығып тақпақ айту, өлең айту, билеу, көріністер қою жоқтың қасы. Ал бастауыш сыныпта баламен қоса ата-анамен жаңаша форматта жиналыстар өткізу де өз пайдасын береді. Тағы бір қоса кетерім, спорт үйірмелеріне қатыспайтын, дене қимылымен көп шұғылданбайтын балалар суицидке бейім келеді екен. Сондықтан жасөспірім шақта денешынықтыру сабағының. жалпы спорттың пайдасы зор. Сонымен қатар, ән сабағының жаны да, тәні де сау ұл-қыздың қалыптасуына ұшан-теңіз үлесі бар. Адам ән айтқанда өкпеге оттегі барады, ол миды қанықтырады. Мұның барлығы баланың қанайналымын реттеп, көңілін көтеріп, өмірге құлшынысын арттырады.  Бір сөзбен, керемет эстетикалық әлемде өмір сүрген бала өмірден түңілмейді, жаны жадыраңқы болады.  

-Сұхбатыңызға көп рахмет! 

 

Барлық жаңалықтар