00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде проблемалар өте көп – депутат

09.06.2023 | 10:30
37
Фото: дереккөз

Жаңадан салынған мектептердің сапасы, жыл сайынғы демалыс кезіндегі мектептерде жөндеудің уақытылы аяқталмауы, ғылыми институттарымыз бен университеттердің сапалы реактивтер мен қажетті құрылғыларды сатып ала алмауы, білім беру ұйымдарындағы күзет қызметіндегі тиімсіздігі, бейнекамералар мен күнделікті тауарлардың сапасының төмендігі осы рәсімдердің тиімсіздігінен де деп айтуға болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің facebook-парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info

Мекеме басшылары таңның атысынан күннің батысына дейін айналысатындары осы шаруашылық жұмыстары, басқасына уақыты жоқ.

Әрине, бұл жерде бәрін басшының қолына беруді талап етіп жатқан жоқ, сатып алу жүйесіне бақылау, ашықтық керек, сыбайлас жемқорлықты  алдын алу қажет. Бірақ бұл рәсімдер тиімді болуы тиіс.

Мысалы, қыста жылыту қазандығы жанып, мекеменің шатыры ұшып кетсе оны шұғыл қалпына келтіре алмайды. Сатып алу рәсімдері бірнеше айға созылып, іс сотқа өтіп кетеді. Соған байланысты мәселелерді дер кезінде шешу үшін спонсор іздеуге, ақша жинауға және басқа да әрекеттерге баруға мәжбүр болады.

Біз комитеттің «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу мәселелері және оларды шешу жолдары туралы» атты кеңейтілген тақырыптық отырысын өткіздік. Оған депутаттармен қатар Үкіметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әлеуметтік сала ұйымдарының өкілдері қатысты, - деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда депутат талқылау нәтижесінде заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылғанын айтты. 

1. 100-500 АЕК-ге дейін қаражат шеңберінде бұрынғыдай бір көзден тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу құқығын беру (жылдық сол тауарға берілген бюджет шеңберінде болса).

2. Әлеуметтік нысандарда төтенше жағдайлар болған кезде ерекше тәртіппен, жедел/сатып алу тәртібін енгізу.

3. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі күзет қызметін сатып алуды ерекше рәсім арқылы өткізу, тек қана көрсетілетін қызметтің құны емес, сапасын, балалармен жұмыс істеулеріне байланысты қосымша талаптарға сай болуын қамтамасыз ету. Және де оны бір дегенде 3 жылға келісім шарт жасап, бірқалыпты тәртіп енгізген дұрыс, өйткені білім беру мекемесінің режимі мен ерекшеліктері бар.

4. Ғылым саласында ұзақ мерзімді сатып алу рәсімдерін саланың ерекшеліктеріне бейімдеу қажет. Мысалы, құрылғылар мен реагенттер сатып алу 6 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін, сол уақытта сапасын айтпағанда ол зерттеудің қажеттігі де болмай қалады.

5. Денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да біраз нормалар ұсынылды.

Әрине мемлекеттік сатып алу – күрделі сала, түйткілді мәселелер көп. Сондықтан шешімдерді дұрыс қабылдауымыз керек. 

Депутаттар тиісті нормаларды дайындап, Үкімет қорытындысына жіберді. Олар бойынша оң нәтиже аламыз деп үміттенемін. Өйткені бұл – елге керек шешім, - деп жазды Мәжіліс депутаты.

Барлық жаңалықтар