00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Хайролла Ғабджалелов: Ұлттық валютамыз 7 айда дайын болды

15.11.2023 | 04:30
58
Коллаж: Elorda.info

Бүгін Ұлттық валютамызға 30 жыл толды. Экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал еткен теңгемізді жасап, халық игілігіне айналғанына дейін үлкен жұмыс атқарылды. Оның дизайнын әзірлеу бойынша барлық жұмысты қазақстандық мамандар тобы жүргізді.  Теңге күніне орай Elorda.info тілшісі валютаның шығуына үлкен еңбек сіңірген мамандардың бірі суретші-дизайнер Хайролла Ғабжалеловпен сұхбаттасқан еді.  

-Хайролла мырза, 1992 жылы төл теңгемізді дүниеге әкелу жолында тәуекелді қадамдар жасалды. Себебі Ұлттық валютаны жариялап, оны айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі еді. Сұхбатымызды ең алдымен  ұлттық валюта жасау идеясына тоқталып өтсеңіз?

Ол кездері Ұлттық банк енді құрылып жатқан. Бір мемлекеттің қаржылық жүйесін  қайтадан жасау үшін қызу жұмыс жүріп жатты. Сол уақытта өзім біраз уақыт танитын  Жоғарғы Кеңес­тің депутаты Тимур Сүлейменовпен бірге Ұлттық банкке барып, өзіміздің төл валютамызды жасайтынымызды айттық. Бұл жұмыс бірден басталған жоқ. Бірнеше рет барып, валютамыздың жобасымен таныстырып жүрдік. Осылай жұмыс басталып кетті. Ешкім бізге тапсырма берген жоқ. Тіпті өз валютамызды­ ен­гі­зуге әлі қаулы шығарылмаған, Ұлттық банк­пен де келісімшартқа отырмағанбыз. Эски­зі­мізді Президент көрген соң Ұлттық банк­тің басқармасында бекітілді. Одан кейін Ұлы­бри­таниядағы банк­нот­ фабрикасына бару керек болды. Ал ол жаққа жету үшін визаны Мәскеуден алу керек. Ол да біраз уақытқа созылды. Әйтеуір керек құжат қолға тиген соң, 1992 жылы қыркүйек айының басын­да қазақстандық мамандар тобы Лондонға ұшып кеттік. Бастапқыда ұлттық валютаның эмиссиясы британдық ең көне банкнот фабрикасы «Харрисон және ұлдары» көмегімен жүзеге асырылды.

- Аға, теңге кескінін әзірлеу жұмыстары қалай жүрді?

Лондонда бізге­ жедел түрде банкнот шығарудың қыр­-сыры мен құпияларын оқытып, таныс­тырып, қалғандарын жұмыс бары­сын­да үйрете бас­тады. Қағаз бен бояудың сапасына назар аудару өте маңызды шаруа болды. Доллар мен фунтстерлингтің банкноты неден жасалғанын зерттедік. Ақша жасау- журналға сурет салғандай емес. Ол мұқияттылықты талап етті. Сол уақытта Ан­глияның фунтстерлингін жасауға 6 жыл,  ал неміс­тің маркасын жасауға 2 жыл кетті деп айтатын. Ал біз теңгені 7 айда жасап бітірдік. 

-Ұлттық валюта дизайны дайын болған соң, оның құны қалай белгіленді? 

Иә, теңге кескіні дайын болған соң алдымызда әрбір банкнотты қанша данадан шығаруға тиіспіз және жалпы көлемі қандай болуы керек  деген мәселе тұрды. Сол кезде Ұлттық банк Лондондағы «Англияның ханшайы­мы банкнот басқан фабрикасы» деген банкнот шығаратын фабрикамен келісім шартқа отыратын болды. Ол өздерінің маманын ұсынды, өйткені бізден ешкім теңгенің айналымдағы құнына қатысты жауап бере алмады. Әлгі экономист біздің халқымыздың саны, жалпы экономикамызды талдап құнын шығарып берді. Сүйтіп «бір теңге бір маркаға тең­ болсын деген» шешім қабылданды. Бірақ басшылық Наза­ров деген  банкирге құнды есептеуге тапсырма берді. Ақырында екі маман жасаған есеп бірдей болып шықты. Кезінде 25 сом болатын, кейін ағылшындар есептегенде 20 болсын деп қалдырған еді. Осылайша 20 теңгеміз пайда болған. Бірақ біздің неміс маркасы емес, комиссия рубль керек деп, бір теңгені 500 рубльге теңеді. Алғашқы күні 1 дол­лар 4 теңге 50 тиын болған. Ал Ресей рублі құнсызданып жатты. Осылайша теңгеміз басынан бастап құлдырауға ұшырады.  

WhatsApp Image 2023-11-15 at 10.46.53.jpeg

-Бастапқыда қанша түрлі банкнот болды?

Өздеріңіз білесіздер, жеті – қазақ халқы үшін киелі сан. Ол кезде Англияның төрт қана банкноты болса,  теңгеміз жеті банкноттан тұр­ды. 
Атап айтқанда, бір теңгелік банкнотта – Әбу Насыр әл-Фараби,  үш теңгелік банкнотта – Сүйінбай Аронұлы, бес теңгелік банкнотта – Құрманғазы Сағырбайұлы, он теңгелік банкнотта – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелік банкнотта – Абай Құнанбайұлы, елу теңгелік банкнотта– Әбілхайыр хан, сондай-ақ жүз теңгелік банкнотта Абылай ханның портреті бейнеленді. Сондай-ақ теңгенің алғашқы нұсқаларында тарихи-сәулеттік ескерткіштер, еліміздің көрікті жерлері бейнеленіп, ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілді. Тіпті Қызыл кітапқа енген аң-құстар бейнеленді. Тиын­дар  өз уақытында шыққан жоқ.  Содан «уақытша» деп қағаз тиындарды­ шы­­ғардық. Нақты айтқанда тиын­ үш­-төрт жылдан кейін ғана дайын болды.

-Жаңа ақшаны елімізге жеткізу жұмысы қалай жүрді?

Біріккен Корольдіктің аумағында қазақстандық валютаны басып шығару ісі 1993 жылдың наурыз айына дейін жалғасты. Ол үшін Шымкенттің жүк таситын ұшағы­ жалданды. Бірақ осы маңызды жұмыс кезінде бір қиындық болды. Алматыдан Лонданға ұшатын ұшақтың жанармайы жетпейді. Ол Ресейге қонып, қайтадан жанармай толтыру керек болды. Ал ақшаны тасымалдау жұмысы құпия жүргізілгендіктен Ресейге қонуға болмайтын болды. Содан барлығымыз ойлана келе, қырық тонна жүгі бар ұшақты жер шарының айналуымен есептедік. Жел соғуына орай жаңармай Орал қаласына жететіндей болды. Осылайша 18 мәрте рейс жасалды. Бұл жұмысқа ат салысқан жігіттер күн-түн демей жұмыс істеді. 12 қараша ақшаны енгізу күні деп жарияланды. Жиырма күндей ғана уақыт қалған болатын. Ең қиыны елге келген ақшаны өңірлерге жеткізу болды. Бұл тапсырма 8 күнде орындалды. 

-Тәуелсіздікті енді алған жас мемлекеттің валютасын жасаған кезде түрлі қиындықтар болған шығар? 

Иә, әрине. Ақшаны бастан-аяқ ойлап табу қиын жұмыс. Қиындықтың қайсыбірін айтайын.  Ұлттық валютаны қалыптастыруда және айналысқа енгізу мәселесінде жолыққан кез келген қиын­дық­ты уақытында шешуге тырысып отырдық. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Біз бір теңгелік банкнотта – Әбу Насыр әл-Фарабидің портретін бейнеледік. Сол кезде ағылшындар оған қарсы болды. Ал біз бұл қадамымызбен өзімізді мұсылман мемлекеті ретінде көрсетіппіз. Еліміз Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан мемлекет болған соң өз идеологияларын жүргізуді ойлаған болуы керек. 

-Төл теңгеміздің шығуына қосқан үлесіңіз қалай бағаланды?

Өкініштісі, қазір біздерді білетін жастар аз. Бас банкирлердің жиі-жиі ауысып жатқанын көріп жүрміз.  Ал теңгенің шығу тарихын білетіндер қатары азайып жатыр.Ұлттық валютамыз түрлі халықаралық көрмелерде үздік деп танылып, жүлделі болып жатқанын естиміз. Шынымды айтсам, ешкім алғыс та айтпады. Бірақ мен өкінбеймін, төл теңгеміздің шығуына өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Өйткені билік­ке­ емес, ұлт болашағы үшін жасадық.

-Әңгімеңізге рахмет! Ұлттық валюта күні құтты болсын.

Барлық жаңалықтар