00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Есенгүл Кәпқызы: Қоғамның тілдік бет-бейнесі өзгергені айқын

24.07.2023 | 10:30
49
фото: Qaz365.kz

Биыл 7-ші маусымда Парламент Мәжілісі «Масс-медиа туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жаңа заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ілеспе заң жобасында үш кодекске және 12 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу жоспарланған. Осы жаңа заң жобасандағы өзгерістерге орай Elorda.info тілшісі «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, Есенгүл Кәпқызымен тілдесіп, жаңа заң жобасы негізінде туындаған өзекті мәселелерге қатысты пікірін білді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында «Масс-медиа» туралы жаңа заңның жобасында 70-30 пайыздық өзгеріс енгізіліп отырғанын айтты. Сіздіңше бұл отандық БАҚ-тағы Мемлкетітк тілдің жағдайына қаншалықты әсер ете алады?  

-Мемлекеттік тілдің телеарналардағы жиынтық үлесі елу пайыздан кем болмауы тиіс деген баптың бүгінде өзектілігін жоюы қоғамның тілге деген сұранысының артуынан туындап отыр. Еліміз бұған дейін үш рет Тілдерді дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасын қабылдаған. Сондағы индикаторлардың бірі елдегі мемлекеттік тілді игерушілердің үлес салмағы сексен пайызға жеткізу болған. Біз бұл көрсеткіштің қалай орындалғанын білмейміз. Бірақ қалай дегенмен де, қоғамның тілдік бет бейнесінің өзгергені айқын. Оның үстіне соңғы халық санағының нәтижесі көрсетіп бергеніндей қазақтардың үлес салмағы жетпіс пайыздан асты. Бұл да сигнал. Ал бүгінгі қоғам кешегідей тіл мәселесіне келгенде табанды қарсылық көрсетпейтін болды. 

-Бұл өзгеріске не себеп болды деп ойлайсыз?

Бұл дегеніміз саясаттанушылар айта беретін лингвистикалық лояльдылықтың біртіндеп жүзеге аса бастауы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін халық болып мойындауы. Тек сол лояльдылықты пайдаланып, басқа да тетіктерді жүзеге асатын кез жеткен сияқты. 

Естеріңізде болса, мемлекеттік тілдің үлесі елу пайыздан кем болмасын дегенде қоғамның күшті қарсылығына тап болған еді. Көп факторлар алға тартылды. Соның бірі телеарналардың дайын өнімдерінің болмауы. Алайда күшті қарсылыққа қарамастан бұл бап енгізілді және оны орындау мақсатында телеарналар жаңа өнімдер дайындады. Мәселен, Қырғызстанда мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін заң қабылданды ғой. Біз де осындай заң қабылдайтын кез жетті. Тек саяси ерік жігер қажет.

-Жаңа заң жобасында журналистерге баспасөз картасын беруді комиссия шешеді деп жазылған. Жалпы бұл әдіс БАҚ өкілдеріне қаншалықты тиімді?  Бұл қаншалықты дұрыс қадам деп санайсыз?

-Пресс картаға қатысты бап қоғам белсенділерінің, жұмыс тобы мүшелерінің табанды қарсылығына ұшырады. Бапта бұл картаны комиссия береді деп жазылған. Бірақ ол қандай комиссия? Сондықтан тәуелсіз дегенді жазу керек сияқты. Тағы бір мәселе комиссия құрамына кімдер кіреді? Оларға қандай талап қойылады, осы жағы да айқын емес. Талаптарына қарасақ, картаны алу белгілі бір басылымда, медиа құралында жұмыс істейтін, журфакті бітірген адамдардың алуына оңай. Ал журфак бітірмегендер пресс картаны алу үшін бес жыл ақпарат құралында жұмыс істеуі тиіс, сондай-ақ фрилансер болып жұмыс істейтіндерге қиын болатын сияқты. Сонымен қатар,  дәл осы картаның артықшылықтарын өз басым көріп тұрғаным жоқ. Картаны ұсынушылар үнемі журналистің әлеуметтік проблемасын шешуге қатысты жиі әңгіме көтереді. Ол қандай әлеуметтік мәселе, егер үкімет өкілдері сіздің аузыңызды майлап қойса, сіз олардың іс әрекетін сынай аласыз ба? Сондықтан, пресс картаны иеленушілердің құқығы және бұл журналистерді алаламайтындығы туралы тағы да нақты жазылуы керек.

 Жаңа жобада журналист 3 жыл бойы архив сақтау керек деп жазылған. Күніне 3-5 материал жазатын журналист үшін бұл  ұзақ мерзім деп ойламайсыз ба?

-Бұл да ұзақ дискуссияға түскен баптардың бірі. Яғни, әлдебір материалға қатысты деректерді үш жыл бойына сақтап жүруің керек, себебі, әлдебір лауазымды тұлғаның ар намыс, іскерлік беделіне нұқсан келтірудің мерзімі үш жылсыз аяқталмайды. Біз оның бір жылға қысқаруын талап еттік. Бірақ оған мүмкін болмады. 

- Қоғамда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің аталған  заң жобасына қатысты «Сотталған адам әкім бола алады, бірақ журналист бола алмай ма?» деген пікірі қызу талқыланды. Бұл талап қаншалықты орынды деп есептейсіз

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бакқытжан Базарбек жақсы айтты. Біз ол заңгерден артық айта алмаймыз деп ойлаймын. Негізі осы сала маманы ретінде депутаттың қарсылығын қолдаймын.

- Жаңа заңда журналистің арнайы білімі талап етілетін болды ма?

-Заңда журналистің арнайы білімі болуын талап ететін бап жоқ. Тек пресс картаны беру кезінде оның арнайы білімі ескеріледі. Жоғарыда айтылғандай, егер журналист журфакты бітірген болса, үш жылдың ішінде картаға ие бола алады, бітірмесе бес жыл аралығында баспасөз картасын алады.

- Жалпы  «Масс-медиа» туралы заңға өзгеріс енгізу неден туындады деп ойлайсыз?

-Қазіргі БАҚ туралы қолданыстағы заң 1999жылы қабылданған. Одан бері қаншама өзгерістер енді. Сонғы жиырма бес жылда технологиялар жаңарды, саяси әлеуметтік өзгерістер болды. 2022 жылы Наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын. Бәлкім заң жобасын дайындауға осы факторлар әсер еткен шығар.

Барлық жаңалықтар