00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Құдай-ау, қашан түзелеміз?»: «Жас Азамат» газетінде жарық көрген бір мақала жайында

10.05.2023 | 17:30
44
Фото: дереккөз

Астана қалалық архивінің «АҚМОЛА ӨҢІРІ – АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНДА (ХХ ғ. 20-40 жж.)» атты құжаттар мен материалдар жинағын оқысаңыз, сонау ескі дәуірдің мұңлы келбетін көз алдыңызға әкеледі. Сонда қазақтың арызқой әрекеті мен шағым айтқыш сипаты шымбайыңызға батады. Біріне-бірі тасада оқ атқан азаматтардың әнтек қимылы бүтін ұлттың бетіне қара таңба болып қалды. Жинақтан соны оқи аласыз.

Бізді 1919 жылы ақпанның 1-інде «Жас Азамат» газетінен жарық көрген Төлебай Нұралиннің «Қазақтың өтірік арызқұмарлары» жазбасы елең еткізді. Автордың жаңайқайы жүрек елжіретеді. Аталған мақалада автор бір-бірін итше талап, жауға жығып берген қазақ азаматтарының ездігіне налиды. Оқып көріңіз!

Бұрынғы Николай тұсында біздің қазақтың бір әдеті, өзіне қарсы партияда болғандарды «Түрікке ақша жинап берді, патшаға тіл тигізді һәм сөкті» деп жамандаушы еді. Николай түсіп, халық теңдік-бостандық алып, Уақытша үкімет тұсында: «партия дұшмандарын» мұқатуға, николайшыл, теңдікке, бостандыққа қарсы» деп араз адамдарын көрсете бастады.

Уақытша үкіметті большевиктер қуып, билікті қолдарына алып, дәуірлерін жүргізе бастағанда, қазекең біреуінен-біреуі кек алу үшін: «Совет үкіметіне қарсы «буржай» (бай) «контреволюционер», халықты бөлшектеуге, қарсы оятып жүр» деп іс қыла бастады.

Большевиктер қуылып, айырылып қалған жаудың қолында, маталып қалған бостандық, теңдік қайтып келгендей болып, көзге елестеген заманда: «бірін-бірі большевик, большевиктің партиясына жазылған, совет үкіметі қайта орнайды деп айтады» деп жамандай бастады. Осы уақытта қайсыбір арызқұмарлардың қолжаулығы «Алашорда» болды. Араздасқан адамым «Алашорданың» көмекшісі, «Алаш партиясының мүшесі» деп көрсеткен арыздар көбейе бастады. Қандасым, қазағым-ау, ұят арға!

...Таспен жапалақты ұрса да, жапалақпен тасты ұрса да жапалақ өлмей ме? Осындай арыздарыңның рас-өтіріктігін былай қоя тұрып, «Николай һәм большевик» деп жамандағаның бір сәрі, [...] не?

Битке өкпелеп, тонын отқа салу, кек аламын деп ардан, намыстан һәм қаннан безу, жақынын жатқа жамандау қорлық емес пе? Құдай-ау, қашан түзелеміз, келемежден қашан құтыламыз?!

«Жас Азамат» газетінің №21 санына шыққан мақаланың мазмұны осындай. Сол заманда бауырын отқа айдаған қазақтың жайына ашынасыз. Ащы болса да нақты дерек - осы. Одан да бөлек мәліметті «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» атты жинақтан оқи аласыздар! 

Мұхтар КҮМІСБЕК

Барлық жаңалықтар