00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Ата-аналардың балалармен бірге уақыт өткізуіне кедергі келтіретін негізгі себептер қандай?

15.05.2023 | 20:00
50
Фото: Ult.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі facebook-тегі парақшасында ата-аналардың балалармен бірге уақыт өткізуіне кедергі келтіретін негізгі себептерді атады, деп хабарлады Elorda.info.

Ол министрліктің отбасында жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу саласында кешенді жұмыс жүргізіп келетінін алға тартты.

Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Отбасы – әрбір азамат үшін қастерлі ошағы, Отанның бастауы, аяулы ата-анасы мен алтын ұясы. Сондықтан бұл мерекенің орны айрықша. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі отбасылық құндылықтарды нығайту, жас отбасыларды қолдау, балаларды интернет кеңістігіндегі қауіпті контенттен қорғау, сондай-ақ отбасында жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу саласында кешенді жұмыс жүргізіп келеді, - деп жазды ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр ел бойынша Отбасын қолдау орталықтары саны 68-ге жеткенін айтты.

Отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы және оны іске асыру жоспары қабылданғаны белгілі. Жоспарға сәйкес Отбасын қолдау орталықтары ашылуда. Бүгінде орталықтардың жалпы саны 68-ге жетті. 2025 жылға дейін 143 орталық ашылады деп жоспарлануда. Қазақстандық қоғамдық даму институты әр екі жыл сайын «Қазақстандық отбасылар» тақырыбында ұлттық баяндама әзірлейді, - деп атап өтті ол.

Дархан Қыдырәлінің мәліметінше, бүгінгі таңда ата-аналардың тек 45,5%-ы күн сайын уақытын балалармен өткізеді.

Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда ата-аналардың тек 45,5%-ы күн сайын уақытын балалармен өткізеді. Ата-аналардың балалармен бірге уақыт өткізуіне кедергі келтіретін негізгі себептер - жұмысбастылық (25%) және үй жұмыстарының көптігіне байланысты уақыттың болмауы (10,6%). Өз балаларын тәрбиелеу кезінде қазақстандықтар еңбекқорлық (33,8%), өзін-өзі бағалау (31,8%), адалдық (31,7%), үлкендерге құрмет (25,3%) сияқты құндылықтарға баса назар аударады, - деді министр.

Оның айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды.

Жыл сайын отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Бүгінде биылғы байқау жеңімпаздарын анықтауға өтінім қабылдау басталды. Өтініштерді 15 маусымға дейін аудандық және қалалық комиссиялар қабылдайды. Әр аймақтан 1 отбасы байқау жеңімпазы болып таңдалады. Осы орайда, баршаңызды байқауға белсенді қатысуға шақырамыз. Отбасыларыңызға амандық, әулеттеріңізге береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, - деп жазды министр.

Барлық жаңалықтар