00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Астаналықтар үй сатып алуда Алматыдан кейінгі екінші орында тұр

17.11.2023 | 06:00
46
Фото: ашық дереккөз

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бүгінде экономикалық белсенді қазақстандықтардың тек 60 пайызының ғана жеке баспанасы бар. Қалған 40 пайызы «баспана түгілі бас қайғының» кебін киіп киюге мәжбүр. Себебі жүйесіз жұмыстың кесірінен пәтердің бағасы ғана емес, жалдау құны да шарықтап барады. Осы орайда, Elorda.info елдегі тұрғын үй нарығына қатысты сұрақтарға сарапшы Ботагөз Мақышеваның зерттеуін ұсынады.   

Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан үлестірілген қаржы мен баспана нарығындағы жасанды қымбатшылық салдарынан 2021 мен 2022 жылдары пәтер бағасы шарықтап, қарапайым халыққа қолжетімсіз деңгейге жетті. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 20 миллион теңгеге Астананың сол жағалауынан ойып тұрып екі бөлмелі пәтер ала алсаңыз, бүгінде ол сомаға бір бөлмелі пәтер де келмейді. 

Осыдан тұп-тура 5 жыл бұрын 7-20-25 ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаны есте. Сол кездегі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің (ТҚЖБ) ипотекалық талаптарына енді көзі үйренген қазақстандықтар үшін жаңа бағдарламаның талаптары тым қолайсыз көрінді. Себебі ол бойынша тек бастапқы нарықтағы баспана алу міндеттелген болатын. Онсыз да үйсіз жүрген халық үшін жөндеу жұмыстары жасалмаған пәтерге бола қарызға кіру тиімсіз болды. Сондықтан бұл бағдарлама үлкен сұранысқа ие болмады. Жағдайды жеңілдету үшін жеті айдан соң қайталама нарықтан дайын пәтер алуға мүмкіндік беретін «Баспана хит» келді. Бастапқыда жұрт оны да суық қабылдады. Себебі бастапқы жарнасы жоғарырақ – 11,9 пайызды құрады. 

Алғашында сұраныссыз жатқан бағдарламаларға бір жылдан кейін қан жүгіре бастады. Жұрт ТҚЖБ-ға 50 пайыз бастапқы жарна құйғаннан, 20 пайыз құйған әлдеқайда тиімді әрі жеңіл екенін түсінді. Осылайша «Баспана хиттің» тынысы ашылып, ол бойынша рәсімделген сату-сатып алу шарттарының саны тіпті ТҚЖБ-ның алдын орады. Оның тиімділігін халықтан бұрын бұрынғы банк қызметкерлерінен құрылған жекеменшік компаниялар тезірек түсініп, бағдарламадағы осал тұстарды тиімді пайдалануға кірісті.  Олар жұртты «бастапқы жарнасыз баспана» алуға үгіттей бастады.  Нәтижесінде сұраныстың артуынан нарықтағы шаршы метр бағасы да өсе түсті. Бір қызығы 2020 жылғы пандемия да жұрттың ипотекаға деген сұранысын тежей алмады.  

2021 жылы ұзақ локдауннан бой жазған халықты жаңа жағымды жаңалық қуантты. Енді халық зейнетақы қорында жинақталған артық ақшасын пәтерге жұмсау мүмкіндігіне ие болды. Алайда бұл мүмкіндік жаңа спекуляцияға жол ашып, нарықтағы жасанды қымбатшылықты одан бетер ушықтыра түсті. Осылайша, «Баспана хит» бағдарламасына бөлінген ұлттық қордағы қаржы түгесіліп, жұрттың назары қайталама нарықтан бастапқы нарыққа ауды.  

Алайда, өткен жылдың желтоқсанында «7-20-25» бағдарламасының талаптары өзгеріп, Ұлттық банк бағдарламаны 2029 жылға дейін ұзартып, әр жылға 100 миллиард теңге ғана бөлу туралы шешім шығарды. Оның өзін әр тоқсанға 25 миллиардтан бөлшектеп тастады. Бұл ипотекалық бағдарламаға деген құлшынысты қыздырып, жұрттар несие алу үшін ұзақ-сонар кезекке тізілді. Осы тұста ипотека үлестіруші банктер электронды кезек ойлап тауып, өтінішті онлайн қабылдауға мәжбүр болды.  

Қазақстанның тұрақтылық қоры таратқан мәліметтерге сәйкес, осы жылдың қазан айында биылға бөлінген 100 миллиард қаражаттың 75 пайызы дерлік игерілген. Қордың мәлімдеуінше, жыл соңында ақша артылатын болса, ол келесі жылдың лимитіне қосылмайды.  

Өзгеріске қатысты ескеретін бір мәселе салымшымен арадағы келісімшартқа сәйкес, нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір айдың ішінде өз атына рәсімдеп үлгермесе, компания салымшының құйған қаржысынан 10 пайызын ұстап қалып, ақшасын қайтарып беруге және пәтерді басқа адамға сатып жіберуге құқылы. 

Тұрғын үй нарығындағы осындай сан өзгерістерге қарамастан, Астана – үй саудасы жиі жасалатын қалалардың ішінде Алматыдан кейінгі екінші орында түр. Өткен қазан айында бас қалада үй сату және сатып алуға 5 438 келісімшарт жасалған, бұл – Қазақстан бойынша жасалған келісімшарттар санының 16,5 пайызына тең. Десе де, өткен айда қыркүйекпен салыстырғанда республика бойынша алып-сату 19,2 пайызға азайған. Ал 2023 жылдың қаңтар-қазан аралығында жасалған келісімшарттар саны былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,5 пайызға кем. 

Барлық жаңалықтар