00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Қашсаң да құтылмайсың»: 1924 жылғы Ақмола уезінің Аштарға жәрдем комиссиясының үндеуі

24.04.2023 | 17:30
56
Фото: дереккөз

Алапат ашаршылықты бастан кешкен қазақ даласы - қанды тарихтың ордасы. Бір Ақмола уезінің өзінде қаншама адам аштықтан қаза тапты. 1924 жылы 25 сәуірде Ақмола уезінің Аштарға жәрдем комиссиясының Қазақ ұлдарына үндеу тастайды. Онда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керектігі айтылған.

Архивті ақтарып отырып небір сұмдықты көзбен көргендей боласыз. Нұр-Сұлтан қалалық архивінде құнды құжаттарды ақтарып отырып, ашаршылық жылдарындағы мәліметтерге жолықтық. Ақмола уезінде арнайы құрылған комиссия жер-жерден ақша жинап, адамдарды құтқаруға күш салады. Үндеуді оқып көріңіз.

«Құлақ естігенді көз көреді» деген, жылан жылы (1917 ж.) Түркістанда болған мешін, тауық жылдарда (1921-1922 жж.) Орал, Торғай, Бөкейлерде болған ауыр апат – аштық доңыз жылы (1924 ж.) келіп отыр. Ақмола уездінің оңтүстігіне кірді. Оңтүстіктегі елдердің өлім білінген және жоғарыдан төмен аққан судай қанша жыл мекендеген жерін, үйін тастап қалаға қарай, яки қалаға жақын елге қарай шұбырып кетпеген жері жоқ. Қалада жүрген не қала маңайында елде жүрген дорбашықтары қолында нашардың қайсысына болсын сөйлескенде «кімсің, қайдансың» десең, бір күрсініп қойып, мен сайдалы пәлен ауылданмын, тарақты түген ауылданмын деген сияқты жауабын аласың. 

Қарап отырсаң бәрі де кешегі өз ауқаты өзіне әжептәуір ел болып отырған халықтан болып шығады. Олар болса апат не біреудің жамандығынан түсіп, екіншінің жақсылығынан түспейді емес. Надандықтан құтылмаған жерден табиғаттың бір көрінісі керектігі уақытында (мысалы, жаңбыр) болмады. Апат дап-даяр алдыңа келеді де тұрады. Бұдан қашсаң да құтылмайсың. Енді бір жерге түскен ауырлық пәлен жерге келмес, анау ауылдағы жамандық біздің ауылға келмес деуді ешкім айта алмайды. Оның бер жағына бір адам аш болса, бір ауылды аш қылады. Бір ауыл бір ауданды аш қылады деген белгілі.

кп1.jpg

Ендеше әуелі қазақ қазақ болып жаралғаннан бергі мейірбаншылықты бұрынғысынан да көбірек туғызып бас амандап, зарлап өлейін десе өз жанын өзі қиып өле алмай жүрген бір қандас бауырларыңа көмек көрсетуге кірісіңдер. Жұмыскер-кедей үкіметі де барынша қарап отырмайды. Жаңада Ақмола аштарына деп 3500 сом алтын ақша келді. Бірақ бұл аштарға бүркуге де келетін емес. Жәй тіпті шегеріп салғанда аштың саны 10 мыңнан астам, оған 3500 сом қалай жетпек?

Екінші, үкіметтің өзінде де қазына малы аса мәз емес. Қай уақытта болсын, қандай қиын ауыр іс дегендердің бәрі де көп біріккенде өзінен-өзі үрейленген сияқты жеңілейіп кетеді, міне, бас аман, көпшілік! Үлкен, ауыр аштық апатын қарындастарыңа жеңілдетуге тіпті үстінен алып тастауға кірісіңдер! Ауызбірліксіз ешбір адам бәрібір жұрт үстіне түскен ауырлықтан, жабылған бәледен құтыла алмақ емес. Өзіңдегі ауырлықты өзің ғана жеңілдетесің.

Ақмоланың қазақ ұлдары оңтүстіктегі жылап, зарлап бір тілім нан деп қолын жайып отырған бауырыңа қолдарыңды созыңдар. Міне, сонда ғана аштық апатын жоя аласыңдар. Міне, сонда ғана қазақ халқы елдігіңді білдіресіңдер. Әйтпесе, сау уақытта бірге болып, бәле келгенде жекеленіп кететін ақылсыз айуан жылан да бір, сен де бір».

Иә, қанды дәуірдің дидары өшпенділікке толы. Жаның езіледі, жүрегің сыздайды. Не көрмеген қазақ, сол заманның кесапаты бәріміздің табанымызға батты. Архив ақтарып отырып көңіл босайды.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Барлық жаңалықтар