00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Birgemiz» волонтерлер фронт-офисі биыл 5 277 іс-шара өткізді

Әр ай сайын Elorda.info өз оқырмандарын еліміздегі түрлі волонтерлер жұмысымен таныстырып келеді. Олар атқарып жүрген істердің қоғамдағы құндылығы мен маңыздылығы қашан да биік тұрары анық. Күнделікті өмірде еріктілердің көмегімен атқарылатын талай істердің артында қанша еңбек пен жанкештілік жатқаны былайғы қарапайым жұртқа байқала бермейді. Біздің де мақсатымыз – сол сөзге нәмәрт, іске жомарт жандардың тыныс-тіршілігімен кеңірек таныстыру. Осы жолы редакция тілшісі «Birgemiz» республикалық волонтерлер фронт-офисінің аймақтық менеджері Дархан Сұлтанмен сұхбаттасып, биыл атқарылған жұмыстардың жай-жапсары туралы сұрады.

Елімізде волонтерлік бастамаларды біріктіретін бірыңғай орталық 2020 жылы ашылды. Елордадағы «Birgemiz» атты республикалық волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне Президенттің өзі қатысқан. Ол сол келісінде волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен танысты.

«Birgemiz» республикалық фронт-офисі — 17 аймақтық волонтерлерді қолдау орталығынан тұрады. Фронт-офистің аймақтық менеджері Дархан Сұлтан алдағы жылы тағы 3 аймақтық орталық ашылатынын қуана жеткізді.

Біз республика бойынша аймақтық 17 орталықпен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Алдағы жылы тағы да 3 орталық қатарымызға қосылады деп жоспарлап отырмыз. Биыл аймақтық волонтерлер фронт-офистерімен бірге 5 277 іс-шара өткізілді. Оның ішінде, тікелей волонтерлердің қатысуымен өткен шаралар саны 5 400 болса, еріктілерді қолдауға және оқытуға арналған шаралар саны 237-ні құрайды. Ал осы іс-шаралардың барлығына жалпы жиыны 110 мыңнан аса ерікті қатысты, - дейді Дархан Сұлтан.

Елімізде волонтерлік қызметтің ең көп тараған түрі – әлеуметтік бағыт. Еріктілер әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмектесуге тырысады. Төтенше жағдай кезінде де сала мамандарына өз көмектерін көрсетеді. Одан бөлек, еріктілер ақпараттық насихаттау жұмыстарына да атсалысады. Мереке күндері өткізілетін бірегей концерттер мен спорттық жарыстарда ұйымдастырушылар жанынан табылады.

Республикалық волонтерлер орталығының өкілі Дархан Сұлтанның сөзінше, еріктілерді оқыту жұмыстары да ұмыт қалмаған. Тіпті халықаралық форумдарға да қатысып, түрлі тәжірибе жинайтын көрінеді.

2020 жылдан бастап республикалық фронт-офисте семинар-тренинг өткізіліп келе жатыр. Оған республика бойынша барлық фронт-офис мамандары қатысады. Кездесуде аймақтық волонтерлік офистердің жұмысын пысықтаймыз. Өткен жылды қорытындылап, жіберілген қателіктерді сараптаймыз. Қорытынды жұмыстардан кейін келер жылға жоспарлар құрастылады. Офистердің үкіметтік емес ұйымдармен ара-қатынасын талқылаймыз. Оған халықаралық деңгейдегі тренерлер келіп, өздерінің жаңа жобалары мен тың ақпараттарымен бөліседі. Бірегей бастамаларды аймақтарда жүзеге асыру бойынша өз ұсыныстарын білдіреді, - деді ол.

Сондай-ақ, жыл сайын волонтерлердің үздік жобалар жинағы шығады. Аймақтардан өте тиімді жобалар іріктеліп, жинақ кітапша ретінде жарық көреді. Қазіргі таңда бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Жыл соңында жинақ шыққан соң республика бойынша таратылады.

Айта кетейік, фронт-офис – кеңес беру, оқыту, әдістемелік, ақпараттық орталық сияқты бірнеше қызметтерді атқарады. Фронт-офис қызметі республика бойынша волонтерлік жобаларды үйлестіру және қоғамдық мониторингілеу болып табылады.

Барлық жаңалықтар