00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Кофелендім»: Мұхамеджан Тазабек Ердоғанның үйінде қонақта болғанын айтты

31.03.2023 | 18:16
Елорда ақпарат
48

Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек facebook-парақшасында Түркия Президенті Ердоғанның үйінде қонақта болғанын айтып, мақтанды, деп хабарлады Elorda.info

Ердоған әулетінің қара шаңырағында!

Өткен жолы өмірімде естен кетпес үлкен оқиға орын алды.

Әйгілі Ердоған ағамызды әлемдік деңгейдегі жиындар мен ресми кездесулерде көріп, қуанып жүрміз ғой.

Бірақ, дүниежүзі мойындаған алып тұлғаның арнайы шақыруымен қара шаңырағында қонақ боп, дастарханынан жеті түрлі дәм жеп, алты құрлықтың әңгімесін өз аузынан естіп, көкейдегі сауалды қысылмай сұрап, жауап түгілі ақ батасын алып қайту - үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай десек те, Алланың маған ерекше тосын сыйы болды. Әрі мұндай мүмкіндік әр мұсылманның маңдайына бұйырмаған бақыт екені ақиқат!

Жұмқырбашқан тұлғаның қою түрік кофесін ұрттап отырып, біз жайлы, Қазақ жайлы айтқан құрметке толы пікірлері мен жүрегіңді жылытатын тарихи танымдық әңгімелері алдағы уақытта жазылатын ерекше кітаптың ең құнды материалдары болары анық.

Біз де домбыра шерте отырып, ана жұрттың асыл мұралары мен Түркі дүниесінің түбі бір құндылықтарын қазақи таныммен тілге тиек еттік.

Недеген білім, недеген биіктік, недеген кеңдік десеңіші?!

Бізді бір жас бала деместен, ақсақалдық әңгімемен баурап, иығымыздан қаусырып, мейірімді көзімен барлап, қоштасарда құшағына қысып, шығарып салды.

Жарты күнде естіген әңгіменің есебі жоқ. Африкадағы жасалып жатқан жақсылықтардан тартып, Түркістанға бөлініп жатқан көңілге дейін, Шамнан босқан бауырлар мен озбыр жүйеден опық жеген міскіндерге шейін сөз болды. Есепсіз көрсетіліп жатқан қамқорлық, шешіліп жатқан мәселелер - кәрі тарих қаттап, шежіре уақыт жаттап жатқан ұлы істер!

Халқы еңбекқор, жері желекті, теңізі шалқыған елдің басын біріктіріп, тізгінін ұстап отырған тұлғаның Стамбулдағы үйінен көп нәрсе түйіп қайттық.

Атымызды жаздырып, арнайы жасатқан бағалы сыйлығын қолға алып тұрып, Тайып ағамыздың жүзінен ерекше қуанышты байқадым...

Себебі, бұл МЕЙІРІМДІ КІСІ жұрт мақтаған түзде ғана емес, үй-ішінде де бақытты адам екен. Тәрбиесінің тал бесігінен шығып, дүниежүзілік этноспорттың көшін алға сүйреп, қарапайымдылық пен парасаттылықтың үлгісі боп жүрген ұлы - Біләл Ердоған соның дәлелі еді...

Пы-сы. Берекелі Ердоған әулеті әрбір мерекеде отбасылық дастарханын әр түрлі елдің ас мәзірімен толтырып, сол елдің мәдениетін тереңірек тануға арнайды екен. Келесі бір мерекеде отбасылық дастарханды қазақ асханасының ас мәзірімен жасауға ниеттеніп отырғандарын естідік. Ол хабарды да үлкен шаңыраққа бекер кіріп шықпағанымыздың белгісі деп, Бекболат ағамен бірге іштей қуандық, – деп жазды ол. 

Барлық жаңалықтар