00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Астана медицина университетінің түлектеріне диплом табыс етілді

25.02.2023 | 10:58
Елорда ақпарат
40

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында өткен Астана медицина университетінің түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімінде түлектерге арнаған сөзінде Е.Тоғжанов еліміздің Денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бірқатар жетістіктерін, сондай-ақ университет студенттерінің пандемиямен күреске атсалысқанын атап өтті.

Қызыл диплом алу үшін қаншалықты тер төгілгенін білемін. Медицина мамандығын меңгеру қиын. Бүкіл ел COVID-19 пандемиясына қарсы тұрған кезде, сендер жастарыңа қарамай, вируспен күресуге аға толқынмен қатар атсалыстыңдар. Оқуды сәтті аяқтағандарыңа өте қуаныштымын, - деді ол.

Денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы университеттің рөлін Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник те атап өтті. 

Мен университеттің табысты дамуы адами капиталдың өсуіне одан әрі ықпал ететініне және заманның сынына қарсы тұру үшін отандық денсаулық сақтауды әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді В. Дудник.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те Астана медицина университетінің түлектеріне ақ жол тіледі.

Жыл сайын елорданың медициналық мекемелері заманауи диагностикалық техникамен жабдықталады, біз елорданың әрбір тұрғыны жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін барлық шараларды қабылдаудамыз. Қалада 21 мыңнан астам медициналық ұйым, онда 5 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді. Еліміздің үздік медициналық жоғары оқу орындарының бірінің әрбір төртінші студенті Нұр-Сұлтан қаласында қалатынына қуаныштымын, сіздер елордамыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналатындарыңызға сенімдімін, - деді әкім.

Өз кезегінде АстМУ Басқармасы төрағасы – ректоры Камалжан Надыров құттықтау сөзінде диплом тапсыру рәсімі университет үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Бүгінгі күн – университетіміздің және студенттердің ата-аналарының мерекесі ғана емес, барлық жоғары білім беру жүйесінің салтанаты. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы үшін өзінің креативті әрі заманауи тәсілін енгізуге қабілетті, жас кадрлармен толығуда. Диплом алу табысқа кепілдік бермейді. Сіздер әлі  қиын да, қызықты жұмысқа кірісесіз. Әлем кеңеюде, шекаралар жойылуда, жаңа технологиялар зор жылдамдықпен енуде, сондықтан өмір бойы білім алу принципін ұстану керексіздер! Ақ халатқа кір келтірмей, абзал мамандыққа соңына дейін адал болыңыздар! - деді ол түлектерге.

Салтанатты кеште «Жалпы медицина», «Стоматология» мамандықтары бойынша интернатура және «Жалпы медицина», «Стоматология», «Фармация», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейірбике ісі» мамандықтары бойынша бакалавриат пен шетелдіктерден «Жалпы медицина» мен «Стоматология» мамандықтарын тамамдаған студенттер диплом алды.

Барлық жаңалықтар