00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Шықпа, жаным, шықпа»: Ауыл азайып, жұмыссыздар көбейді

24.02.2023 | 23:33
Елорда ақпарат
39

Бұл жөнінде ауыл жағдайына алаңдайтын азаматтар не айтады?

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың қоғамдағы күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер салдарынан туындағанын атап өтті. Осы орайда ауыл тұрғындарының өте төмен әлеуметтік жағдайын айту керек. Ауылдағы отбасылардың кейбірі «шықпа, жаным, шықпа» деп күн көруде. Үлкен қалалардан шалғай жерде отырып, олар өз мәселелерін билікке қалай жеткізуін де білмейді.

Мәселе – жалған статистиканың ауылдағы нақты жағдайды жасыратындығында. Біз, бір топ сенатор, Үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтіндігін қанша айтып келдік. Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны – 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоғын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?

Бәріміз «Ауыл – ел бесігі» деп айтуды жақсы көреміз. Қазақстанда қашан да бала туу көрсеткіші қалалық жерлерге қарағанда ауылда әрдайым жоғары болатын. Бірақ соңғы 7 жылда бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті. Жылдан-жылға ауыл халқының қалаларға көшуі ұлғаюда. Тек 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 880 мың адам қоныс аударған. Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? – дейді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ауылдық аймақтардың ­ахуалын реттеу – экономикалық қана емес, ел үшін саяси, стратегиялық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе. Осыдан бір жыл бұрын Сенатта ауылдарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өткізіліп, Үкіметке нақты ұсыныстар берілді. Бірақ өкінішке қарай, бұл ұсыныстардың негізгі тармақтарының ешқайсысы орындалған жоқ.

Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз?

Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне беру ұсынылды, өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау – таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер, нақтырақ айтсақ, кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтудың мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді.

Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді.

Жақында бейбіт митингтерге шыққандардың көпшілігі ауылдан келіп, лайықты білім мен жұмыс таба алмаған жастар болған жоқ па? Біз мемлекеттік білім беру гранттарын және стипендияларды тағайындау тетіктерін өзгертуді, оларды тек ҰБТ нәтижелерінің негізінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдаусыз оқи алмайтындарға әлеуметтік қолдау ретінде бөлуді ұсындық. Бірақ өкінішке қарай, бұл депутаттық сауалымызға кеңсе әдеті бойынша сырғытпа жауап алдық… – дейді Ақылбек Күрішбаев. 

Осы орайда «Азат ет» кооперативі­нің жетекшісі Анас Ахатұлы да өз ойын ортаға салды. 

Фото: egemen.kz

Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту деген өзекті мәселенің көпшілік көңілінен тыс қалып жатқан тұсы бар. Ол – проблеманы шешуге бағытталған идеялардың, жобалар мен тұжырымдардың экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда өзара салыстыруының маңыздылығы.

Тақырыпты кеңінен ашпас бұрын ауылдардың даму статистикасына, әсіресе оның макрокөрсеткіштеріне назар аударсақ. Үкімет 6300 елді мекеннің тең жартысының болашағы бұлыңғыр деп жариялады. Салдарынан соңғы он жылда оның мыңға жуығы бағдарламалық қолдау тетіктерінен айырылды. Жұмыссыздық пен жан басына шаққандағы кіріс деңгейі қаладағы көрсеткішке қарағанда 1,8-ге кеміді. 2015 жылдан бері урбанизация индексі 107-ден төмендемей тұр.

Ауылды тығырықтан шығару бойынша идея көп, бірақ оларды негізгі үш топқа жіктеуге болады. Біріншісі – 6300 ауылдың барлығын сақтап қалу, қиын болса да қажет қаражатын тауып беріп, ел бесігін қиратпау. Екіншісі – тыныс-тіршілігін жақсартамын деген ниетпен қалаға, облыс пен аудан орталығына көшіп бара жатқан ауыл адамының бетінен қақпау, қайта оның жаңа ортаға тез сіңуіне сеп болу. Үшіншісі – ауылдардың жақсыларын қалдырып (3 мыңға жуығын), оларды бюджеттің шамасы жеткенше қолдап, ал «көтеремдерінің» өздігінен жойылуына көз жабу… – деді ол.

Elorda club қонақтарының бұдан да өзге өзекті ой-пікірлерін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Қалиакбар Үсемханұлы 

Барлық жаңалықтар