00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

15 жылдан бері істеп келе жатқан жұмысым өзіме ұнайды – астаналық тазалаушы

01.06.2023 | 08:30
42
Фото: автордан

Астана қаласының айнадай таза болып, құлпырып тұруына көше сыпырушылар ерекше еңбек сіңіреді. Алайда біз оны күнделікті өмірде байқап, оларға құрмет көрсете бермейміз. Осының әсері болса керек, көше сыпырушы азаматтар да өздерінің ісін мақтан тұтып, көпшілік алдына шығудан ұялады, деп жазады Elorda.info.

Әлемдегі ең дамыған мемлекет саналатын Жапонияда көше сыпырушы болу - ең құрметті жұмыстың бірі. Өйткені солардың арқасында жапон халқының даму деңгейі мен мәдениетін әлем халқы білетін болaды деген түсінік бар. Қаншалықты аула сыпырушы өз қызметін жақсы атқарса, соншалықты қала таза болады. Демек туристің де Жапония жайлы ойы жақсы болады деген сөз. Сол үшін олар ай сайын аула сыпырушыға 2 200 доллардан жалақы береді. 

Ал енді біздің елде кейбір адамдар аула сыпырушысын көрсе, оны қоғамның ең төменгі өкілі немесе өмірде жолы болмаған жан деп санайды. Өйткені біздің қоғам үшін аула сыпыру, ыдыс пен көлік жуу, күзетші, жүк тасушы болу ұят іс секілді көрінеді. Қоғам үшін ұстаздың, дәрігер мен өрт сөндірушінің маңыздылығы қандай болса, еден жуушы мен аула сыпырушының маңыздылығы да дәл сондай. 

Мақала жазу барысында көше сыпырушылармен сөйлесіп, олардың пікірін білгім келген. Алайда олар мені баласынды ма, жоқ әлде өз қызметінен ұялды ма, әйтеуір сөйлесуге зауқы соқпады. Егер еңбек адамдарына Жапониядағыдай жоғары жалақы беріп, тиісті деңгейде көңіл бөлсе, мүмкін көше сыпырушыларға деген көпшіліктің көзқарасы өзгеретін шығар. Әзірге олар өз ісін мақтан тұтқаннан гөрі ұялатындай секілді болып көрінді.

Астананы көше сыпырушылардан бөлек вакумды арнайы техникамен тазалайды. Солардың бірі - «Астана Тазалық» мекемесінде 2008 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан Асылхан Талжанов.

Алдағы қазан айында бұл мекемеде жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жыл болады. «Астана Тазалықта» көлік жүргізуші ретінде жазда көшені қоқыстан тазартсақ, қыста қар күреумен айналысамыз. Астана күн өткен сайын өсіп, өркендеп келе жатыр. Қазіргі таңда біздің мекеме 4 ауданда тазалық жұмыстарын жүргізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасап жатыр. Мысалы, өзім қызмет ететін Алматы ауданындағы жол жиегіндегі, аялдаманың маңайындағы қоқыстарды тазалаймын. Жұмыс күндізгі және түнгі ауысым болып екіге бөлінеді. Таңғы ауысым сағат 10-нан кешкі 8-ге дейін, ал кешкі ауысым түнгі 10-нан таңертеңгі 8-ге дейін жалғасады. Көбінде түнгі ауысым қиынырақ болады. Бірақ қалай болған күннің өзінде бұл жұмыс маған ұнайды. Ұнағандықтан шығар, бір жерде 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқаным. Біздің жұмыстың маңызы зор. Кешікпей жұмысқа келіп, жазда көшелерді уақытылы тазалап, қыста қардан тазартып, елордамыздың көркеюіне, таза қала болуына үлес қосып жүрміз, – дейді ол. 

Асылхан Құсайынұлы орташа жалақының 300 мыңға дейін екенін, ал қыс мезгілінде жалақының жоғары болатынын айта өтті. Қарапайым еңбек адамы осы жұмыстың арқасында Астанадан пәтер алып, екі ұлын тәрбилеп отырғанын айтты. Жалпы, ол ерінбей еңбек еткен адамға Астанада мүмкіндік мол екенін, сондықтан да жастарды ауыр жұмыстан қашпауға шақырды.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ, 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 2-курс студенті

Барлық жаңалықтар